ШҚО-да жыл басынан бері медицина сапасына қатысты 400-ден астам шағым түсті

467
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері жұртшылықтан медицина сапасына қатысты 400-ден астам шағым түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың бірінші тоқсанында әртүрлі байланыс арналары арқылы өңір жұртшылығынан 35 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 400-ден астамы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты шағымдар болып отыр.

Талдау көрсеткендей, азаматтар көбінесе 1406 байланыс орталығына хабарласуда. Қысқа нөмір арқылы өтініштердің 83%-ы жасалған. Екінші орында – Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы тұр. Тұрғындардың көпшілігі қандай да бір қызмет туралы ақыл-кеңес сұраған. Өтініш берушілер жарналар мен аударымдарды қалай төлеу керектігін, МӘМС бойынша медициналық көмекті алу үшін қандай кезеңдерде төлем жүргізу керектігін сұрады.

«Шағымдарға қатысты айтар болсақ, азаматтарды медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі немесе одан бас тартылуы, консультациялық-диагностикалық қызметтерді тым ұзақ күтуі, белгілі бір мамандарға жазылудың мүмкін еместігі мазалаған. Қор әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуде. Біз пациенттерді өз құқықтарын білуге және құқықтары бұзылған жағдайда ең алдымен медициналық ұйымның өзіндегі пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгінуге шақырамыз. Бұл қызметтер барлық емханалар мен ауруханаларда бар. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, Қорға жүгіну қажет», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ қорға Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы да арыз-шағым қалдыруға болады.