Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі ойын бизнесіне, оның ішіндегі заңсыз құмар ойындарға қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. 2017 жылы осындай ойын бизнесімен заңсыз айналысқан 6 адам жазаға тартылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында өскемендік азаматтың электрондық ойын автоматтары түріндегі заңға қайшы құмар ойындарды қолданып пайда тапқандығы анықталды. Ол бұл 6 дана ойын автоматтарын Алматы қаласынан белгісіз адамдардан сатып алып келген. Сөйтіп, 2016 жылдың аяғында Тәуелсіздік даңғылы 14/1 мекенжайында орналасқан бөлмелердің бірін жалға алып өз кәсібін дөңгелете бастаған. Десе де, ешқандай лицензиясыз ойын мекемесін «лоторея» деп жалған атпен ашқан азаматтың заңсыз іс-әрекеті толықтай әшкереленді. Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде, айыпталушы ҚР ҚК-нің 307-бабы, 1 бөлімімен кінәлі деп танылып, оған 500 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Дәл осындай жағдай Семей қаласында да қайталанған. Қаладағы мекемелердің бірін жалдаған ер адам ойын автоматтарын іске қосып жеңіл ақшаға кенеле бастайды. Алайда оның заңға қайшы әрекеті анықталып, Семей қалалық №2 сотының шешімімен мүлкі тәркіленіп, 60 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды.
Ескерте кетерлігі, ҚР «Ойын заңына» сәйкес ойын автоматтары сынды құмар ойындармен заңсыз пайда тапқандармен қатар, сол ойын автоматтарын орналастыруға қажетті мекемені жалға берген азаматтар да заң алдында жауап береді.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ