Үржар ауданында 8 рет мал ұрлаған екі ер адам құрықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері Үржар ауданы Алтыншоқы ауылының 33 және 43 жастағы екі тұрғынын қолға түсірді. Қазіргі уақытта олардың мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы бары анықталып отыр. Мәселен, осы жылдың тамыз айының соңында алдын ала сөз байласқан ер адамдар Таскекен ауылының шетіндегі жайылымнан 5 жылқыны айдап кеткен. Баукеспелер жыл бойы Үржар ауданындағы көрші ауылдардан сиыр мен жылқыны түн жамылып ұрлап келген. Малдың бір бөлігі сойылса, қалғаны тірідей сатылған.
– Күдіктілер ұрланған малды Түркістан облысының тұрғынына сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Ұсталғандардың бірінің үйін тінту кезінде, ауласында екі құлыны бар бие, мал терілері және 200 келідей ет табылды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Барлық фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188- бабы 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.