Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының республикалық балалар деректер банкінде баланы отбасына қабылдағысы келетін 400-ден астам кандидат тіркелген. Барлық үміткерлермен балаларды орналастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухина айтып өтті деп хабарлайды Bukara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1312 бала бар. Олардың 899 – ы отбасылардың қамқорлығында, 55-і патронатта, 358 – і мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленеді.
-Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру мақсатында тәрбиеленушілерді қонақжай отбасыларына қабылдау шарттарын рәсімдеу жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, мұндай балаларды қорғаншылық органы анықтаған кезде барлық ақпарат баланың орналасқан жері бойынша Республикалық деректер банкіне енгізіледі. Жыл басынан бері облыс бойынша РДБ-не 201 кәмелетке толмаған бала анықталып, бастапқы есепке қойылды, оның ішінде 123 бала патронаттық отбасылардың қамқорлығына алынды, 74-і мемлекеттік мекемелерге берілді, 5-і өздерінің отбасыларына қайтарылды, - деді Д.Шаухина.
ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық, балалардың құқықтарын қорғау органының сектор меңгерушісі Досым Қалдыбаевтың айтуынша, жетім балаларды отбасына орналастырудың бірнеше балама нысандары бар, оларға: бала асырап алу, патронат, қорғаншылық(қамқоршылық), қабылдау және қонақжай отбасы жатады. Қонақжай отбасынан басқа барлық нысандар бойынша әр балаға ай сайынғы төлемдер төленеді.
-Бүгінгі таңда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында балалар санының азаюы байқалып келеді. 2019 жылдан бастап 5 жыл ішінде олардың саны 350 балаға азайды - деп толықтырды ШҚО ББ басшысының орынбасары.