Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын кеміне 700 мың шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов 2022-2025 жылдарға жоспарланған құрылыс жобаларын іске асыру бойынша жиналыс өткізді. Бүгінгі таңда 171 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену сатысында. Бұл – 650 мың шаршы метрден астам тұрғын үй.
«Биыл өңірде құрылыс қарқыны алғаш рет миллион шаршы метрден асты. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының нәтижелігі бойынша Семей қаласы Өскеменді басып озды. Енді бұл көрсеткіштен танбай, алдағы жылдарға ұтымды жоспар құру керек», - деді Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында коммерциялық және несиелік үйлер салынуда. Халық арасында ол үйлерге сұраныс жоғары.
«Келесі жылы бірінші болып қаржыландыруды биыл жақсы нәтиже көрсеткен аудандар алатынын атап өткім келеді. Сондай-ақ еліміздің басқа қалалары мен облыстарындағы құрылыс компанияларын қайта тартуға дайынбыз.
Әлеуметтік және мәдени объектілер салуды жоспарлау, оның ішінде барлық қажетті инженерлік коммуникацияларды жүргізуге 2023 жылы қосымша қанша қаржы қажет екенін есептеу керек. Қарқынды бәсеңдетпей, 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын кеміне 700 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр», - деді ШҚО әкімі.