ШҚО-да жылу беру маусымының дайындығы ойдағыдай атқарылуда. Бұл жайлы бүгін облыстық әкімдік ғимаратында өткен отырыс барысында ШҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмат Арсламбаев жауап берді.
– 2017-2018 жылдар аралығындағы қысқы кезеңдегі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жоспарға сай атқару үшін тұрақты түрде штаб отырысы ұйымдастырылып отырады, – дейді Алмат Қобландыұлы, – Осындай шаралар Зырян, Катонқарағай, Жарма, Көкпекті аудандарында және Семей, Риддер, Курчатов қалаларында өткізілді. Жалпы жылу беру маусымына облыс бойынша 10 ірі жылу көздерін (100 Гкал/сағ жоғары), 4 су электр станциясын, 672 қазандық, (619 автономды және 53 орталықтандырылған қазандық), 1275 шақырым жылу желілерін, 5198 шақырым су құбыры мен кәріз жүйелерін дайындау, сондай-ақ 2214 шақырым электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылдың жөндеу науқаны мен жылу беру маусымына отын дайындау процесі ойдағыдай атқарылуда. Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау желілерінің дайындығы – 82%-ды, су құбыры мен кәріз желілерінің дайындығы – 81%-ды құрап отыр.
– Қуаты 100 Гкал/сағ жоғары қазандықтарға 2 млн тонна көмір қажет. Бұл ретте, маусым басталмай тұрып жауапты кәсіпорындар 182 мың тонна эксплуатациялық көмір қорын жинап қоюы тиіс. Бүгінгі таңда талап етілген көмірдің 133 мыңы немесе 73%-ы жинақталған, – дейді Алмат Арсламбаев.