«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ШҚО филиалының мамандары өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың сапасын тексерді. Деректер өңделіп, елордадағы орталық аппаратқа жіберілмек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай», «Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» бағытындағы жолдың тегістігі, көлденең еңістігі сынды оннан аса параметрлер бойынша тексеріс жүргізілді. Мұның барлығы Жылжымалы жол зертханасында орнатылған заманауи құралдармен арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асырылуда.
– Жолда түсірілген деректер сақталып қатқыл дисктерге салынады. Кеңседегі орталық компьютерге жүктеп, өңдейміз. Әр жолдың есебі түгенделіп, елордадағы орталық аппаратқа жіберіледі. Ол жақта біз жіберген мәліметтерге сәйкес алдағы жылдарда қай жолға қандай жөндеу түрі қажет, соны бекітеді, – дейді мекеме инженері Дархан Мұратбек.
Орталық аппарат ұлттық сапа орталығына кесте жіберіп, жылына қанша шақырым жолды жүріп өту керектігін нұсқайды. Әзірге маусым айы бойынша барлығы 415 шақырым жолдың сапасы тексерілген. Дегенмен оның қорытындысы жуық арада шықпайды. Әр жол бөлігіне үлгілер әзірленіп, бір айдай уақыт ішінде нақты сараптама жасалады. Тиімділігі сол, орталық мамандарының жұмысы қорытындыланған соң тапсырыс берушілер қай жолдар қандай деңгейдегі жөндеу жұмысын қажет ететіндігін алдын ала біледі.
Ұлттық сапа орталығы мамандары жұмысты қыркүйек айына дейін аяқтамақ. Жалпы өңірде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 3400 шақырымды құраса, соның 2200 шақырымына диагностика жасалады. Жиналған ақпарат қазір хатталып-шотталып жатыр.