Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай және Глубокое аудандары әкімі сайлауының нәтижесі шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеше Алтай және Глубокое аудандарында әкім сайлауы өтті. Әкім болуға барлығы 5 адам кандидат болған. ШҚО әкімдігінің мәліметінше, дауыс беруге аудан тұрғындары белсене қатысты. Сайлау заңнамасын бұзу фактілері тіркелмеді.
Сайлау қорытындысы бойынша Алтай ауданының әкімі қызметін Ренат Құрмамбаев атқарады.
Ренат Тілеуханұлы 1980 жылы 25 қаңтарда Катонқарағай ауданында дүниеге келген. «Инженер-педагог» және «заңгер» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.Еңбек жолын 1998 жылы Катонқарағай ауданы Жаңауыл орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Мемлекеттік қызметке алғаш рет 2003 жылы Катонқарағай ауданының жастармен жұмыс жөніндегі мәдениет бөлімінің бас маманы болып орналасты. 2019-2021 жылдары Катонқарағай ауданының әкімі болып қызмет етті. Осыған дейін Алтай ауданы әкімінің орынбасары, әкім міндетін уақытша атқарушы болды.
Ал Глубокое ауданының әкімі болып Эльдар Тумашинов сайланды. Эльдар Лұқбекұлы 1987 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын 2012 жылы «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінде халықаралық ынтымақтастық департаментінің сарапшысы болып бастады. Әр жылдары «Amanat» партиясының саяси менеджмент мектебінің Алматы филиалында басшылық қызметтерді атқарған. «Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы болып еңбек етті. 2022 жылдың қаңтар айынан Глубокое ауданының әкімі болды.