ШҚО-дағы аудандар мен қалаларда Жаңа жыл мерекесі қалай атап өтіледі?

427
көрілім
Шартты фотосурет

Жаңа жыл мерекесін өткізердегі әр ауданның «салты басқа». Мұны сұраухатқа берілген жауаптарға қарап байқауға болады. Шыршаның табиғи, я жасанды болуы, қанша қаржы жұмсалғандығы, қандай да бір іс-шаралар өткізілетіндігінен бөлек, мүлде жоққа саналған сәттер де бар.
Бородулиха ауданы
Алғаш болып ресми жауап ұсынғандардың бірі Бородулиха ауданы. Биыл бұл жақта жаңа жылдық мерекені атап өтуге жергілікті бюджеттен 231 мың теңге бөлініпті. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Селихановтың айтуынша, демеушілік көмек көрсету арқылы аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық шаралары ұйымдастырылмақ. Шырша аудан орталығы Бородулиха ауылындағы Мәдениет үйінің алдына орнатылады.
– Орнатылатын шырша – жасанды. Жаңа жылдық шырша Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өткен соң, яғни 16 желтоқсаннан кейін орнатылмақ. Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасын өткізу мәселесі алдағы уақыттағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешілетін болады, – деді Ерлан Жұмабайұлы.
Ал жалпы, аудан көлеміндей мынадай іс-шаралар өткізілмек:
1. Достық үйінде «Қазақ халқының жаңа жылдық дәстүрлері» ақпараттық сағаты;
2. Кітапханаларда түрлі кітап көрмелері, викториналар, челлендждер мен сайыстар (жаңа жылдық терезелер челленджі, суреттер байқауы, шырша әшекейлерінің сайысы) өткізіледі;
3. Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда музыкалық құттықтаулар мен сахналық қойылымдар ұйымдастырылады.
           Аудан басшылығының кесіп-пішіп айтқандары – отшашу қарастырылмаған.
       – Биыл жаңа жыл мерекесін атап өтуде былтырмен салыстырғандағы өзгешеліктер туралы айтуға әлі ерте. Неге десеңіздер, өткен жылы эпидемиологиялық ахуалға байланысты шаралардың көпшілігі салтанатты түрде өткізілген жоқ, ал биылға жоспардың қалай жүзеге асатындығы әзірге белгісіз, – делінген мәліметте.
      Ұлан ауданы
       Тура жарты миллион. Жаңа жылды атап өту үшін Ұлан ауданында осынша қаражат бөлінген. Аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасовтың айтуынша, биыл 66 бала аудан әкімінің сыйлығына ие болмақ. Естімеген елде көп, біршама аудан жаңа жылдық шыршаны орталыққа  Тәуелсіздік күнінен кейін шығарса, бұл жақта Мәдениет ғимаратының алдында табиғи басты шырша орнатылып қойған көрінеді. Әлбетте, желтоқсан айының алғашқы онкүндігіне жетпей Ұлан ауданы басшылығының ұсынған мұндай жауабы тым асығыс қабылданған шешім көрінді.
– Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өткізілетін күн әлі белгісіз. Оған әлеуметтік көмекке мұқтаж балалар (аз қамтылған, көпбалалы, патронат) шақырылады, облыс бойынша квота әлі болған жоқ, – деді Қуат Барысұлы.
Ұйымдастыру жағына келсек, барша тұрғындар назарына жаңа жылды атап өту 31 желтоқсан күні кешкі сағат 20:00-де Мәдениет үйінің алдында, ашық аспан астында ұйымдастырылмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, көпшілік аспанға бар екпінімен атылған түрлі-түсті отшашулардың куәсі бола алады. Аудан әкімінің орынбасары осылай деді.
– Ұйымдастырылған жағдайда желтоқсан айының 31-і күні шамамен кешкі сағат 21:00-ге жоспарланады. Тағы бір айта кетерлігі, мерекені атап өтерде былтырмен салыстырғанда өзгешелік бар. Сол ашық аспанда жаңаша бейнеге ие болған кейіпкерлер аудан тұрғындарының көңілін көтермек, – делінген мәліметте.
Тарбағатай ауданы
Ресми жауап ретінде әлі ешқандай жоспар жасалмағандығын хабарлады. Аудандық ішкі саясат бөліміндегілердің айтуынша, пандемияға байланысты жаңа жылдық мерекені атап өту жөнінде әлі нақты шешім қабылданған. Қандай да бір ақпарат шығып жатса қосымша бөлісетіндіктерін жеткізді.
Жарма ауданы
Әсіресе бүлдіршіндер тағатсыздана күтетін мереке қарсаңында Жарма ауданында жергілікті қазына есебінен қаржы бөлінбегендігі белгілі болды.
– Аудан оталығында Жаңа жылға арналған шырша мәдениет бөлімі қызметкерлерімен тізе қосып орнатылады. Мереке қарсаңында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Маржан Асанова.
Анығы сол, Қалбатау ауылындағы орталық алаңға жаңа жылдық шырша бой көтереді. Мұны желтоқсан айының 25-не дейін орнатып, әрі қарай біртіндеп безендіре бастайды. Аудан басшылығындағылар әкімнің шыршасы ұйымдастырылып, соған орай мекеме, ұйымдар арасында «Жыл он екі ай» мүсіндер сайысы қолға алынады.
Жалпы, мерекелік іс-шаралар орталық саябақ пен орталық алаңда өткізіледі. Анығы сол, жаңа жылдық отшашу болмайды.
– Былтырмен салыстырғанда биыл айтарлықтай өзгешелік жоқ, – деп қорытты сөзін Маржан Әлімханқызы.
***
Алдағы нөмірлерде қамтылмаған басқа да аудандар мен қалалардың Жаңа жылды қалай атап өтетіндіктері жайлы мәлімет ұсынамыз.