ШҚО-дағы аудандар мен қалаларда Жаңа жыл мерекесі қалай атап өтіледі?

317
көрілім
Шартты фотосурет

Жаңа жыл мерекесін өткізердегі әр ауданның «салты басқа». Мұны сұраухатқа берілген жауаптарға қарап байқауға болады. Шыршаның табиғи, я жасанды болуы, қанша қаржы жұмсалғандығы, қандай да бір іс-шаралар өткізілетіндігінен бөлек, мүлде жоққа саналған сәттер де бар.

Үржар ауданы

Бұл ауданда биыл Жаңа жылды атап өтуге қаржы бөлінген жоқ. Аудан басшылығы ұсынған жауап осындай. Дей тұрғанмен сыйлықтар үлестіру жағы былтырғы дәстүрден ауытқымапты. Айтпағымыз, мереке қарсаңында әкімдік өкілдері аз қамтылған отбасыдан шыққан бүлдіршіндер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға, сондай-ақ озат оқушыларға кулек пен әралуан сыйлықтар, қыстық аяқкиімдер үлестіру. Сәтін салса жаңа жылдық шырша да бой көтереді. Жасанды. Тәуелсіздік күнін атап өткен соң жауапты тұлғалар осының қамына кіріспек. Нақты қашан орнатылатыны Жаңа жыл жақындағанда белгілі болады.

– Биыл аталған мерекенің атап өтілуі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты санитарлық дәрігер қаулысына сәйкес нақтыланады. Салтанатты шаралардың ұйымдастырылуы да соған сәйкес бекітіледі, – деді аудан әкімінің орынбасары Әлия Сарбаева.

Отшашу жоспарланбаған. Әкімдік өкілдері биылғы Жаңа жылдың осыған дейінгілерден айтарлықтай өзгешеленбейтінін жеткізді. Қоғамдық іс-шаралардың өту-өтпеуі санитарлық дәрігер қаулысына сәйкес бекітіледі.

Курчатов қаласы

Біршама толымды жауап ұсынылды. Жыл басында мәдениет саласында бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес Жаңа жылды атап өтуге 3 млн 155,0 мың теңге бөлінген.

– Бұл қаржы шыршалар мерекесін өткізуге, көпбалалы, аз қамтылған және қамқорлықтағы отбасылардың балаларына тәтті сыйлықтар үлестіріп, отшашу үшін көзделген, – аудан әкімінің орынбасары Нұрбек Қошқарбаев.

Жауапты тұлғалар пандемия салдарынан болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғаларды ескеріп, ұйымдастыру комитетінің отшашуды болдырмау туралы шешім шығарғанын мәлімеді. Ал 850 мың теңге сомасындағы үнемделген қаражат жергілікті бюджетке қайтарылып, әлеуметтік маңызы бар және тұрғындар үшін басым бағыттарға жұмсалыпты. Қызығы сол, бүлдіршіндерге тәттілерді Аяз Ата мен Ақшақардың өздері барып табыстайды.

– Курчатов қаласында бес жылдан астам уақыт бойы «Балаларға ертегі сыйла» қайырымдылық акциясы өткізіліп келеді. Оған қаламыздың белсенді тұрғындары қатысып, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан және мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін қойылған арнайы жәшіктерге сыйлықтар, ойыншықтар мен тәттілер салып қояды. Аяз Ата мен Ақшақар кейпіне еніп, сыйлықтар табыстайтын – қалалық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, – деді Нұрбек Тұрсынқанұлы.

Жаңа жылдық шырша желтоқсан айының 20-нан бастап Тәуелсіздік алаңында орнатылмақ. Өзге аудандардағыдай жасанды.

Аудан әкімдігіндегілердің айтуынша, қалалық Мәдениет үйінде дәстүрлі түрде аз қамтылған отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған қала әкімінің шыршасын өткізу жоспарланған. Алайда мұның барлығы ұйымдастыру комитетінің бақылауына алыныпты. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық құттықтаулар мен жарияланымдардың онлайн өтуі ғажап емес.

Бұған қоса, бірқатар құттықтаулар әлеуметтік желілер арқылы іске асырылатын көрінеді. Отшашу болмайды.

– Карантин талаптары сәйкес әр адам мерекені отбасымен бірге атап өткені жөн. Осы ретте қандай да бір жаппай қалалық іс-шаралар өткізілмейді, – деді аудан әкімдігіндегілер.

Бесқарағай ауданы

Алдымен қысқы мереке қарсаңында аудандағы ауылдық округтерде қайырымдылық шаралары өткізілетіндігін айта кеткен жөн. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Баталов солай деді. Бесқарағайда Жаңа жылды атап өту үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбеген. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде орнатылатын шыршаның тұғыры металлдан жасалған.

– Жоспарға сәйкес Тәуелсіздік күнінен кейін орнатылады. Бас санитарлық дәрігер қаулысына сәйкес аудан әкімінің шыршасы өткізілмейді. Жаңа жылды атап өту барысында аудан көлемінде салтанатты іс-шаралар өткізіледі, – деді Бауыржан Жекенұлы.

Ресми мәліметке сүйенсек, іс-шаралар қолға алынса әкімшілік ғимараттар қараңғы құшағында қалса да жарқырап тұрады. Яғни аудан басшылығы айналасына плакаттар, баннерлер, стикерлер іліп, жарық диодты жолақтармен безендіруді күн тәртібіне қойған.

– Жаңа жылдық отшашу ұйымдастырылмайды. Былтыр эпидемиологиялық жағдайға байланысты Жаңа жылды атап өтуде ауқымды шаралар өткізілген жоқ. Биыл былтырмен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық жоқ, – делінген мәліметтте.

***

Алдағы материалда қамтылмаған басқа да аудандар мен қалалардың Жаңа жылды қалай атап өтетіндіктері жайлы мәлімет ұсынамыз.