Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Департаменті ШҚО Азаматтық альясымен бірлесе отырып мемлекеттік ауруханаларға жасырын тексеру жүргізді. Нәтиже көңіл көншітерлік емес — өйткені он емдеу мекемесінің алтауында заңбұзушылық анықталған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
«Жасырын келушілердің» рөліндегі қарапайым азаматтар, пациент ретінде қаладағы ауруханаларға келіп дәрігер қабылдауына жазылуға немесе қандайда бір анықтама алуға тырысты. Барлық әрекет жасырын видеотаспаға түсірілді.
— Жүргізілетін тексеру жайын емдеу мекемесінің басшылығы мен жұмысшылары білген жоқ, — дейді Мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Злобин.
Облыс орталығында тексерілген он аурухананың алтауында көрсетілетін мемлекеттік қызмет барысында заңбұзушылықтар орын алды. Мысалы №2 МСБ-ның тіркеу бөлімінде «жасырын келушіні» дәрігер қабылдауына жазудан бас тартып, телефон арқылы call-орталыққа хабарласуын сұрады. Ал ЖМК ауданындағы емханада «пациент» жеке куәлігінің көшірмесі талап етілген соң оның көшірмесін жасату үшін емхана қызметкерлері көрсеткен кассаға кезекке тұрады. Алайда кассаның ашылуын жарты сағат күткен ол түскі үзілістен соң аурухана қызметкерлерінің шалағайлығы салдарынан басқа кассаға кезекке тұрғанын түсінеді.