ШҚО-дағы бірқатар білім ордалары жаңа атауға ие болады

565
көрілім

Өскемендегі №38, №39 мектеп пен ШҚГК-ның атауы өзгертіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шығыс Қазақстанда рухани құндылықтарды жаңғырту бағытталған «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында кейбір оқу орындарына ұлы мәдениет қайраткерлерінің есімін беру туралы шешім қабылданды.

Осы ретте облыс орталығындағы  №39 орта мектепке алғашқы қазақ хрестоматиясының және кириллица негізіндегі қазақ әліпбиінің авторы, алғашқы қыздар мектебін ашқан қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімі беріледі.

Ал Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі ұлы ақын, философ, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының атын иеленеді. Айтулы оқиға ақынның 175 жылдығына орайластырылған.

Сол сияқты қазақтың бас ақынының есімі Семей әуежайына берілмек. Оған қоса бұл қалада бірден сегіз мектептің атауы ұлы тұлғалардың атымен аталады.

№38 гимназия ХХ ғасырдың көрнекті тарихшысы Лев Гумилевтің атына ауыстырылса, Бесқарағай ауданындағы үш мектеп, Шемонаиха ауданындағы төрт мектеп және Глубокое ауданындағы төрт мектептің атауы өзгермек.