Газет редакциясына Глубокое ауданына қарасты Веселовка ауылына жақын жерде түсірілген бейнежазба жолданды. Соның авторы өзен арнасын бойлай құлаған ағаштардың көптігін айтты. Негізі сол өзеннің атауы бар көрінеді, алайда нақтысына келгенде барлығы жан-жаққа тартады. Оқиға куәсі мұның құндыздардың әрекеті екендігіне сенімді, себебі кемірген тістің ізі тайға таңба басқандай байқалған.
Қайта жерсіндірілген құндыздар
Аямай кеміріпті, шамамен 10-нан астам ағаш. Глубокоеның кей тұрғындары соңғы бір-екі жылда құндыздарды жақыннан көріп, саны біршама артқандарын алға тартты. Терісі бағалы аңның өзен жағалауларында қоныстанғандарын Алтай ауданының тұрғындары да айтты. Өздері топтасып алып кеміретін көрінеді. Ол ол ма, өскемендіктер де өзен жағалауынан бірнеше рет шырамытыпты.
Өңір табиғатына түрлі себептермен (балық аулау, аңшылық, логистика және т.б.) залалын тигізіп жатқан құрылыс, жөндеу жұмыстары да тағылар мекенін тарылтып жіберген. Осы ретте құндыздардың көбеюіне қатысты С.Аманжолов атындағы ШҚУ биология кафедрасының профессоры Константин Прокопов ой бөлісті. Жалпы, мұндай құбылыстың зардабы бар ма?
– Өзен құндыздары біздің өңірге қайта жерсіндірілген. Яғни олар бір кездері осы өлкені (Жер-су атаулары бұған куә. Мысалға, Бобровка ауылы) мекен еткен, кейін браконьерлер асыра сілтеп жіберген соң құрып кетті. Содан қайта әкеліп, қазір олар экологиялық бейімделудің жаңа бір сатысына өткен, – деді профессор.
Көптігінен қауіп күтілмейді
Оның сөзінше, құндыздар қазір өңір бойынша құлашын кеңге жайған. Алайда олардың көптігінен айтарлықтай қауіп жоқ.
– Ағаш қабығымен қоректенеді. Әсіресе, қайың мен теректі құп көреді. Ағаштардан бөгет салады. Белгілі бір мөлшерде олардың экожүйеге әсер ететіндері рас, алайда анау айтқандай емес. Тағы бір рет айтамын, бұл жануарлар өздеріне экологиялық қолайлы ортаны тапты және соны өз пайдаларына жаратуда, – деді жауапты тұлға.
Профессор тағы бір сөзінде құндыздардың аймақ көлемінде таралуы, нақты мекен табулары қоректеріне байланысты екенін айтты. Қалай дегенде де олар шектен тыс қаптап кете алмайды.
– Оған қоса қазір құндыздар саны қадағаланып тұратын популяцияішілік механизм жүзеге асуда. Яғни сүтқоректілердің саны артқанда, бұған құндыздар да кіреді, көбею үрдісі баяулайды. Сондықтан табиғатта бұлардың көбеюі, күрт кемуі сияқты өзгерістер күтіледі, – деді Константин Прокопов.