Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың өкімімен Глубокое ауданына Ерлан Аймұқашев, ал Алтай ауданына Қалихан Байғонысов әкім болып тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ерлан Қапарұлы 1970 жылы 18 наурызда Павлодар қаласында дүниеге келген. Павлодар педагогикалық институтын және Павлодар университетін «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Мемлекеттік қызметте еңбек жолын 2000 жылы Павлодар облысы әкімі істері басқармасының хаттамалық іс-шаралармен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып бастады. 2001 жылдың желтоқсанынан Павлодар облысының туризм және спорт басқармасының басшысы, кейін Павлодар облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарады. 4 жыл бойы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі болған.
2015 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратын басқарды. Ал 2016-2017 жылдар аралығында Өскемен қаласы әкімі лауазымын атқарды. 2018 жылдың мамырында ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған.
Қалихан Байғонысов 1959 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында туған. 1984 жылы Өскемен қалалық жол-құрылысы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2003 жылы Мәскеудің қазіргі заманғы гуманитарлық институтын «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын Катонқарағай ауданының Коробиха кеңшарында қарапайым жұмысшы, автомеханик ретінде бастады. Черняховский атындағы кеңшардың бас инженері, директордың орынбасары, партком хатшысы болып жұмыс істеді.
1994-1996 жылдары Коробиха кеңшарын басқарды. 1998-2001 жылдары Катонқарағай ауданының Белов ауылдық округінде әкім болып жұмыс істеді. 2007-2011 жылдар аралығында Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болса, кейіннен Бесқарағай ауданына әкім болып тағайындалды. Осы уақытқа дейін Глубокое ауданының әкімі лауазымын атқарған.