ШҚО-дағы әлеуметтік қорғау мекемелерінде 24 жоба жүзеге асырылуда

341
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірде балалар мен ересектерге арналған оңалту орталықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстан соң аталған мекемеде ем-дом қабылдайтын 5 мыңға жуық адамның өмір сүру сапасы жақсармақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жалпы, биыл аймақтағы түрлі салалар бойынша 817 инфрақұрылымдық жобаларды асыруға мүмкіндік беретін «Жол картасы – 2020» бағдарламасына рекордтық көлемде қаржы бөлінді. Айталық, әлеуметтік саланың өзінде 385 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, оған қоса 24 жоба әлеуметтік қорғау мекемелерінде өмір сапасын жақсарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек, барлық инфрақұрылымдық бағдарламаларды іске асыру үшін 1150 тұрақты, 18870 уақытша жұмыс орны ашылмақ.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев жұмыс барысымен танысу үшін арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталықтарына атбасын бұрды.

Осыған дейін Өскеменде балалар орталығында әлеуметтік көмек көрсету үшін түйіні тарқамаған мәселелер жетіп артылатын. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған бассейіннің тереңдігі талапқа сай келмейтін. Енді «Жол Картасы – 2020» бағдарламасы аясында бассейндегі су деңгейі көтеріліп, соның нәтижесінде балалар суға шомылып, жансызданған дене бөлігіне арнайы жаттығулар жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар 27 млн теңгеге, оның ішінде демеушілік қолдаумен вериткализатор, жүгіру жолақтары сынды ортопедиялық жабдықтар сатып алынса, ғимарат пен шатырға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Қазіргі уақытта біршама өзекті саналатын сауалдарға жауап іздеудеміз. Өмір сапасын жақсартуда да өзіндік үлесін қосар деген сенім мол. Біз үшін осы мекемеден балалардың сауығып шыққаны үлкен қуаныш. Олардың қоғамнан шет қалмай, қалаған жұмыстарына орналасуы өздері үшін үлкен жеңіс. Бүгінгі таңда аталмыш орталықтан 18 адамды шығардық. Мұның барлығы күн сайынғы еңбектің жемісі. Дефектологтар, дәрігерлер, дене жаттығуына жауапты мамандар балаларға бар ықыласын төгіп, жұмыстарына жауапкершілікпен қарауда, – дейді Жасұлан Сәрсебаев.

Зимовьев арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы көп уақыттан бері қыста отынсыз қалып жүрді. Ал қазандық жұмысына биыл 58 жыл болды. Осы жылы Жол картасы бағдарламасы аясында жаңа қазандықтың құрылысы басталды. Мердігерлер қауырт тірлікті келер жылдың жылу беру маусымына қарай аяқтауды жоспарлауда.

Қарттар үйінде, нақтырақ айтсақ, Өскемендегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ауланы абаттандырып, шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Десе де барлық жұмысты тамыз айы басталғанға дейін аяқтау күн тәртібіне қойылған.

– Бұл нысандардың біз үшін маңызы зор. Жобаны жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Орталықтағы мәселелерді кезең-кезеңімен шешпекпіз. Қазір әрине, коронавирусқа байланысты шектеу тәртібімен жұмыс істеудеміз. Алайда барлық жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтаймыз, – дейді Жасұлан Сәрсебаев.

Жалпы, Бизнестің «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қалалық және ауылдық маңызы бар жолдардың 205 шақырымы жөнделуде, ал бұл дегеніміз өңірдегі 236 мың адамның жолда жүру жағдайын жеңілдетпек. ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің секторында 153 шақырымға созылатын су құбырларының желісіндегі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 87 мынға жуық адам сапалы ауызсумен қамтылады.

Сондай-ақ 151 шақырым аумақты қамтитын көпқабатты тұрғын үй құрылысының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бекітілуде. Әлеуметтің әлжуаз тобына арналған 37 тұрғын үй бой көтермек.

Тұрғындар бос уақытын тиімді өткізулері үшін саябақ, көше, туризмдік нысандар, аулалар, «Street Workout» алаңдары абаттандырылып, жарық үнемдейтін шамдар орнатылуда. Күн сайын бір миллионға жуық адам осы жерлерге келіп, бойжазып қайтуларына болады.