Таяуда Өскемен қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жүлдегерлері мен жеңімпаздары марапатталды. Аймақтың әр ауданынан келген үздік отбасылар құрметке бөленіп, сыйлықтан құр қалмады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыс орталығында «Мерейлі отбасы» байқауының қатысушылары облыс әкімдігінің арнайы Алғыс хаттары мен жүлделеріне ие болды. Шараға жиналған әр отбасы өз аудандарындағы сайыстан үздік шыққан.
- Қатысушы әр жанұя өздерінің үлгілі отбасы екендіктерін баршаларыңызға дәлелдеп отыр. Сондықтан қоғам дамуына үлкен үлес қосып өнегелі тәрбие берген отбасыларды тиісті дәрежеде құрметтей білуіміз қажет, - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын өткізіледі. Жеңімпаздар түрлі кәсіп пен салада еңбек етіп жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру мен қоғамға қызмет етуді мақсат еткен жандар.
Байқау нәтижесінде 3-орын — Ұлан ауданының Жұмашевтар жанұясына, 2-орын — Өскемен қаласының Черкашиндер отбасына бұйырса, 1-орынды Жарма ауданынан Мухаевтар әулеті иеленді.
Бас жүлдеге ие болған Мухаевтар отбасы енді облыс намысын Нұр-Сұлтан қаласында қорғамақ.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ