«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдері соңғы айда алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткендігін ескертеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олардың сөздерінше, белгісіз біреулер қоңырау шалып, өздерін халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерімін деп таныстыратын көрінеді. Сосын қарызды өтеуді немесе қарызға байланысты шоттарды бұғаттау, сондай-ақ тексеру үшін жеке деректерді сұрау арқылы алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткенін ескертеді дейді.
- Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің қызметкерлері ешқашан тұрғындарға қоңырау шалмайды, борышкерлердің мәліметтер базасына қол жеткізе алмайды, коллекторлық компаниялардың жұмысына араласпайды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен көрсетілетін қызметті алушылардың арасындағы кез келген байланыс тек 1414 нөміріне SMS хабарлама арқылы жүзеге асырылады, онда азаматтарға қол жетімді бронь, құжаттардың қолданылу мерзімі, берілген күні немесе композиттік қызметтерге сұраныстар туралы хабардар ете алады, - деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қырағылық танытуға және өзінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге қатаң кеңес береді. Мұндай алаяқтық әрекеттерден зардап шеккендер құқық қорғау органдарына жүгіне алады.