Риддер қаласы, Ұлан және Тарбағатай аудандарында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жанданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, кеше аймақтағы азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген тәртіпке көшкенін хабарлаған болатын. Бүгін су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Риддер қаласында арықтарды қардан тазарту жұмыстары жалғасып жатқаны белгілі болды. Ұлан ауданы Бозанбай ауылдық округінің Қасым Қайсенов кенті де су тасқынына дайындық үстінде.
Сондай-ақ Тарбағатай ауданына қарасты 8 ауылдық елдімекенде тұрғын үйлерді су басудың алдын алу мақсатында су құбырлары мен арықтарды қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Құтқарушылар жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аула аумағын қардан, арықтарды мұздан тазартуды ұсынуда.
Бұл еріген суды кетіруге көмектеседі. Сондай-ақ азаматтардан мүмкіндігінше қаптар мен инертті материалдар дайындап қоюларын сұрайды.
Фото: Ұлан ауданының әкімдігі, ШҚО әкімдігі, ШКО ТЖД