Энергетика және ТҮКШ басқармасы өкілдері қалалар мен аудандардағы әкімдіктерімен бірлесіп, 9 кәріз жүйесін тазарту үшін 20 дизельді электр станциясы қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоспардан тыс тексеру жұмыстары заңды тұлғалардың өтініштері мен профилактикалық бақылау негізінде жүзеге асырылады. Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақнұр Құнафинаның айтуынша, ағын суды тазарту қондырғыларында тексеріс жұмыстарын өткізген кезде шекті нормативтердің асып кетуі жиі анықталады.
- Кәріз жүйелерінің тозуы, әдетте кәсіпорындарда қаржы жетіспеуінен, күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуінен туындайды. Кәсіпорындар тарапынан жіберілетін қателіктердің бірі – қысқа мерзімді жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін материалдық-техникалық базаның болмауы, - деді Ақнұр Қасымханқызы.
ШҚО бойынша экология департаментінің қызметкерлері жоспардан тыс тексеру барысында «Өскемен Водоканал» қоймасы МКҚК-нің №20 сарқынды суынан сынамалар алды. Анықталғандай, онда аммоний тұзының нормадан көп болуы, сондай-ақ мұнай өнімі мен мырыш концентрациясының шамадан тыс асып кетуі байқалды.
Жалпы облыс бойынша 16 кәріз жүйесі бар. Қазір олардың 70 пайызының жағдайы мәз емес. Бұл туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің басшысы Рауан Тұрысбек айтты.
- Тозып тұрған кәріз желілерінің үлесі 70 пайыздан асады. Олардың түгел дерлігі 1960-80 жылдары салынған. Барлығын толықтай қайта жабдықтап, модернизациядан өткізу қажет. Қазіргі таңда мемлекеттік сектордағы коммуналдық кәсіпорындарда жұмысшылардың тапшылығы байқалады. Айта кету керек, жеке кәсіпорындарда орташа жалақы 281,9 мың теңге, ал мемлекеттік коммуналдық кәсіпорында жұмысшылардың жалақысы 145 тен 201 мың теңгені құрайды, - деді ол.
Энергетика және ТҮКШ басқармасы өкілдері қалалар мен аудандардағы әкімдіктерімен бірлесіп, 9 кәріз жүйесін тазарту үшін 20 дизельді электр станциясы қажет екенін атап өтті. Қазір оларды сатып алу үшін өтінімдер дайындалуда. Ескере кетер жайт, 16 кәріз жүйесінің 7-уі қалаларда орналасса, 9-ы ауылдарда. Енді оларды тазарту жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге аспақ