ШҚО-дағы киелі орындар: қалай барып қайтуға болады?

3381
көрілім

Облыс аумағында жалпыұлттық көрнекті жерлер тізіміне енгізілген орындар аз емес. Бұлар тек өңірдегі табиғаты көз тартар жерлер немесе тарихи орындар ғана десек жаңсақ айтқанымыз. Егер хабардар жандар болса онда сол орындардың ескіліктен сыр шертіп, аңыз оқиғаларымен астасып жатқан киелі жерлер екендігін бірден естеріне алады. Дегенмен кейбірі ондай орындар қажылыққа баруды ниет етіп жүрген үшін Мекке саналса, тағы біреулер үшін өзгеше бір тылсым күшке ие аумақ. Өзгелері үшін тіптен аймақтың бетке ұстар мекені іспетті. Осындай киелі аумақтар туралы толығырық осы мақаладан оқи аласыздар.

 

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі жалпыұлттық киелі жерлердің тізімі жасалып, оған ұзын саны 185 орын енді. Оның 13-і Шығыс өлкесінде орналасқан. Бұл нысандар тарихи, табиғи, діни және мәдени мұраларды қамтиды. Соларды облыстық Өлкетану мұражайы ұсынған мәліметтерге сәйкес реттілікпен жазып кетуді жөн көрдік: Мұзтау; Әлі де болса құпиясы толықтай ашылмаған Қоңыр Әулие үңгірі; Алакөл; «Берел» тарихи-археологиялық кешені; Шілікті қорғаны кешені; Ақбауыр тарихи-табиғи кешені; Ырғызбай ата кесенесі; Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі; Ұлы Абайдың Жидебай Бөрілі тарихи-мәдени кешені; Жарма ауданындағы Жәнібек Бердәулетұлы ескерткіші; Ф.М.Достоевский әдеби-мемориалды музейі; Алаш арыстары музейі; Ядролық сынақ құрбандарына арналған «Өлімнен күшті» монументі;

Жалпыұлттық киелі орындарға енгізілген соңғы үш нысан Семей қаласында орналасқан. Жалпыұлттықтан бөлек, 500 аумақтық киелі орындар болса, оның 25-і облыс аумағында. Атап айтсақ, Күршім өңіріндегі Қиын Керіш, Ашутас, Зайсан көлі, Алакөл, Рахман қайнары және тағысын тағы. Бұдан бөлек, Еңлік-Кебек кесенесі, әулие Бектұрған кесенесі, әулие би Боранбай кесенесі сынды орындар да тағзым етіп, құран бағыштайтын орынға айналды.

Сайт тілшісі осы объектілерге қалай жетуге және ең қызықты жерлерін қалай көзбен көріп қайтуға болатыны туралы мақала әзірледі.

Абайдың Жидебай Бөрілі тарихи-мәдени кешені

Орналасқан жері

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы, Жидебай елді мекені.

Жету жолы

«Өскемен - Семей» тасжолы арқылы. Облыс орталығынан шамамен 400 шақырым қашықтықта.

Сапар уақыты

1-2 күн

Мұны біле жүріңіз

Жидебай Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан шұрайлы жер. Кезінде тобықты руының Жігітек атасы мекен еткен деседі. 19 ғасырдың орта тұсында Жидебайды аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы өз иелігіне алып, қыстау салдырған. Қазақтың бас ақыны Абай 1880 жылы мұнда медресе салдырыпты. Құнанбай дүниеден өткен соң Жидебайды хакімнің інісі Оспан иемденген. Ал 1891 жылдан кейін қыстау Абайдың еншісінде болды.

Қазір Еуразияның кіндігінде тұрған осы жерде ақынның музей үйі бар. Жылда Жидебайға еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, шетелден де меймандар келуде. Қорықтың жалпы ауданы 6400 гектарды құрайды. Мұнда ақын өмірінің соңғы жылдары өткен қыстауы, хакімнің Еркежанға сыйға тартқан күміс ертоқымы, генерал-губернатор сыйға тартқан үш ауызды берен мылтығы, Құнанбай қажының тақиясы мен кісе белбеуі, Ұлжан ананың өз балаларын нәресте кезінде қырқынан шығарғанда пайдаланған жез легені бар. Сондай-ақ 1995 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай салынған Абай, Шәкәрім кесенелері орналасқан. Кесенелер Сарыарқа төсімен жүзіп келе жатқан алып кеме тәрізді. Идеяның авторы, бас архитекторы Бек Ибраев, салушы құрылысшы Сайын Назарбек. Бұл жерде Абай кенже інісі Оспанмен, Шәкәрім қажы ұлы Ахатпен және Оспанның бәйбішесі Еркежан жерленген мазарлар кешені тұр.

Ырғызбай Досқанаұлы кесенесі

Орналасқан жері

Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылынан солтүстік-батысқа қарай 63 шақырымдай жерде.

Жету жолы

Өскеменнен Ырғызбай кесенесіне дейін - 420 шақырым (Қалбатау арқылы жүріп, Көкпектідегі Зайсан тасжолынан «Боғас» пикетінде оңға бұрылып, Аягөз тасжолында да оңға бұрылып ары қарай жол белгісі арқылы кесенеге жете аласыз).

Сапар уақыты

1-2 күн

Мұны біле жүріңіз

Шығыстың рухани бұлағы, қасиетті де атақты емші Ырғызбай Досқанаұлы 1787 жылы туып, 1850 жылы дүниеден өткен. Ел ішіндегі ақпараттарға қарағанда Ырғызбай Досқанаұлы қайтыс боларын сезіп: «Топырақ маған осы жерден бұйырған. Менің сүйегімді Кіндіктіге апармаңдар, анау тұрған құба белге жерлейсіңдер» деп қазір өзі жатқан жотаны көрсетеді. «Мені сандықша бейітке қоясыңдар. Басыма зират үйін тұрғызбаңдар. Зират үйін тұрғызу келешек ұрпақтың міндеті» деп өсиет еткен екен.

Ырғызбай Досқанаұлының кесенесі мен оған зиярат жасап келушілерге арналған үйдің іргетасы 1990 жылы 7 қазан күні қойылып, 14 қазан күні басталып, 22 қазан күні аяқталған. Ол кезде кесене силикат кірпішпен қапталған. Силикат кірпіштің жарамдылық уақыты өте қысқа болғандықтан кесененің іргесі жаңбыр мен желдің әсерінен мүжіліп тоза бастаған. Кесенеге 2014 жылы қайта жаңғыртылу жұмыстары жүргізілді.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары

Орналасқан жері

Аягөз ауданы Тарлаулы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырымдай жерде, Аягөз өзенінің оң жағалауында.

Сапар уақыты

1-2 күн

Мұны біле жүріңіз

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары – Қазақстандағы ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі ғана емес. Бұл он бес ғасырдан бері келе жатқан махаббат хикаяты. «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырының қазақша жиырмадан астам нұсқасы бар. Бұл эпосты зерттегендер Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, Василий Радлов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан.

Аңыз бойынша, мазарды тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөзге төрт сан қол (40 кісі) жіберіп, ас бергізіп, ат шаптырып той жасайды. Қозы-Көрпеш -Баян сұлудың мазарын берік етіп тұрғызып, кескін келбеттерін тасқа түсіреді. Әсіресе Баян сұлудың өң-ажары әдемілеп келтірілген.

Жанақ ақынның жырлауынша, елу мың кісі бастап келген - Айбас, көш жерден тас тасып, Аягөздің биік белесіне мазар орнатады. Ол мазар әлі тозған жоқ, махаббаттың мәңгілік белгісі ретінде күні бүгінге дейін тұр. Қозы Көрпеш - Баян сұлу жыры көне замандағы түркі-монғол тайпаларының арасында көп тараған бір ғажайып оқиғаның сюжеті.

2014 жылы мазарға жол төселіп, электр желісі тартылды. Қазір ол түнде жанып, алыстан менмұндалап тұрады.

Алакөл

Орналасқан жері

Үржар ауданы Қабанбай ауылы

Жету жолы

Облыс орталығынан шыққанда «Алматы-Өскемен» тасжолымен 630 шақырым жүресіз.

Сапар уақыты

4-5 күн немесе одан да көп уақыт

Мұны біле жүріңіз

Алакөл – Шығыс Қазақстан туризмінің інжу-маржаны. Бұл ағынсыз көл орта ғасырдан бері, Ұлы Жібек жолының сауда жолдарының бірі оның аумағынан өткен кезден бастап-ақ, кеңінен танымал бола бастады. Шаршаған саяхатшылар Алакөлдің тұзды суынан күш-қуат алса, қазіргі заманғы ғалымдар оның пайдасын аз айтып жатқан жоқ. Адамдар мұнда денсаулығын жақсартуға, қаланың күйбең тыныс-тіршілігінен бір сәтке демалуға келеді. Көлдің оңтүстік бөлігіндегі су тұщы, ал солтүстік бөлігі жерасты тұзды көздерімен минералданған.

«Алаш арыстары» музейі

Орналасқан жері

Семей қаласы Бөгенбай батыр көшесі, 132.

Сапар уақыты

1-2 күн

Мұны біле жүріңіз

Музей Абайдың жерлесі және шәкірті - Әнияр Молдабаевтың үйінде орналасқан. Әнияр Молдабаевқа ағаштан салынған екіқабатты үйді алуға ұлы ақынның өзі көмектескен. Хакім балаларымен бірге осы Семейдегі үйге жиі келіп тұрыпты. Ал өткен ғасырдың басында Мұхтар Әуезов осы жерде өмір сүрген. Сонымен қатар Алаш көсемдері де бұл үйге талай мәрте бас сұққан. Сондықтан да музейдің тарихи мәні өте зор.

Ф.М.Достоевский әдеби-мемориалды музейі

Орналасқан жері

Семей қаласы Достоевский көшесі, 118.

Сапар уақыты

1-2 күн

Мұны біле жүріңіз

Орыс жазушысы Ф.М. Достоевскийдің туғанына 150 жыл толуы қарсаңында 1971 жылы құрылған. Музей жартылай ашылған кітап пішінінде бұрынғы жазушы тұрған (1857-1959) екі қабат ағаш үйге жапсарлас ғимаратта орналасқан. Музейдің кіреберісіне Достоевский мен Ш.Уәлихановтың достығын бейнелейтін қоладан құйылған мүсін қойылған. Мұнда жазушының алғашқы “Бейшаралар” (1846) романынан бастап, “Ағайынды Қарамазовтар” (1880) романына дейін, сондай-ақ әр жылдары басылған толық жинақтары, әлем тілдерінде шыққан туындылары, ғалымдардың жазушы шығармалары туралы жазған зерттеу еңбектері қойылған.

Ядролық сынақ құрбандарына арналған «Өлімнен күшті» монументі

Орналасқан жері

Семей қаласы Бейбітшілік аралы.

Сапар уақыты

1-2 күн

Мұны біле жүріңіз

Аталмыш монумент Қазақстанның киелі нысандарының біріне жатқызылады. Кешен Семей ядролық полигоны зардабынан қаза болғандарды еске алу үшін тұрғызылды. Оның салтанатты ашылуы 2001 жылдың жазында өткен.