ШҚО-дағы Монастырь көлінде қазына көмулі деседі

480
көрілім

Монастырь көлі немесе Айыр шығысқазақстандықтарға жақсы таныс. Ол Айыртау жотасының етегінде орналасқан. Жотаның үш мүйізді басы шаруашылықта қолданылатын айырға ұқсас келеді. Ашық ауа-райында қала жаққа анық көрініп тұратын бұл тауды Өскемен тұрғындары Монастырлер деп те атайды.

Көл туралы көптеген аңыздар бар. Оның бірі атауымен байланысты. XVIII ғасырда осы аумақты жоңғарлар жаулап алып, көлдің жағасына буддалық монастырь салады. Қазақтарға олар көптеген қайғы-қасірет алып келді. Жоңғар шапқыншылығын тегіннен «Ақтабан шұбырынды» деп атамаған, ол Ұлы апат жылдарын білдіреді.

Қазақтар қатыгез басқыншыларды көп қарғаған екен. Олардың ашынған дауысы Жаратушының құлағына шалынып, ол монастырьды мекендеушілерімен бірге тасқа айналдырып жіберген деседі. Тек тоналған қазына ғана таудың ішіндегі үңгірде қалады.

Қызық қуған көп адам осы байлықты іздеп табуға талпынған, бірақ ешкімнің жолы болмайды. Тауға жақындаған кезде үңгірде қатты жел көтеріліп, ішіне кіргізбейтін. Ал күндердің бірінде тіпті жартас құлап, қазына тас болып қатқан монастырдың ішінде мәңгілікке қалып қойыпты.