Биыл ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында стационарлық ғимараттың 1-3 қабаттарын қайта жаңарту басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көптен күткен жобаны іске асыру науқастардың жағдайын жақсартуға ғана емес, заманауи медициналық жабдықтары бар жаңа бөлімшелер ашуға мүмкіндік береді.
Директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Анна Кухареваның айтуынша, қайта құру аяқталғаннан кейін онкологиялық орталық базасында заманауи онкохирургия, госпитальдық фармация мен оңалту бөлімшесі, маммологиялық, эндоскопиялық орталықтар өз жұмысын бастайды.
- Жаңа бөлімшелерде халықаралық стандарттарға сай емдеу жүргізіліп, науқастардың денсаулығының жақсаруына ықпал етеді. Мұның бәрі медициналық көмек көрсету сапасына оң әсерін тигізбек, - деді Анна Кухарева.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстары мекеме қызметіне кедергі келтірген жоқ. Орталықта жұмыс тобы құрылып, науқастар басқа ғимаратқа орналастырылды. Емхана мен химиотерапия бөлімшесі Потанин көшесі, 8 мекенжайына уақытша көшірілді.