ШҚО-дағы «Өскемен-Тарғын-Самар»тасжолында көшкін жүрді

359
көрілім

«Қазселезащита» мамандарының мәлімдеуінше, ШҚО-дағы «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолында қар көшкіні жүрген, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

22 қаңтар күні кешкі уақытта қалың қар мен боранға байланысты «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолы жабылған. Түнде аталмыш тасжолдың 100-101 шақырымында 4 рет көшкін жүрді. Соның салдарынан 10500 текше метр жерді қар басқан. Осы кезде сол аумақта тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқан «Облшығысжол» жұмысшылары бірден «Қазселезащитаға» хабарласып, мән-жайды баян еткен.

- Бұл жол учаскесінде көшкіннің алдын алу мақсатында 3 қарашадан бастап қар құлату жұмыстары жүргізілген. Бірақ соңғы аптада толассыз қар жауып, қатты боран соғып «Казселезащита» мамандарының жұмыстарына кедергі келтірген. 24 қаңтарда ауа-райы қолайсыздық тудырмаса «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» тасжолында көшкіннің алдын алу шаралары жоспарланған, деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, өңірде 26 қаңтарға дейін көшкін қаупі сақталады.