ШҚО-дағы Пушкин атындағы кітапхананың қоры цифрландырылмақ

498
көрілім

ШҚО мәдениет басқармасының А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкерлері кітапхана қорын белсенді түрде электрондық форматқа аударып, цифрландырылған дереккөздер көлемін барынша арттыруды көздейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

21 ғасырдың басты тренді – қазіргі уақыттағы жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылатын цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы. Сондықтан біздің еліміз, әлемнің барлық басқа елдері сияқты, цифрлық дамуда өз стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған. 2023 жылы 28 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 269 қаулысымен Цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді, ол елдің барлық саласын цифрлық трансформациялауға және инновациялық экономика құруға бағытталған.

Цифрландырудың мәні – барлық үдерістерді мүмкіндігінше автоматтандыру және адамға қажетті өнімге немесе қызметке қолжетімділікті жеделдету. Кітапхана жағдайында бұл – қажетті дереккөзге: кітап, журнал мақаласы, фотосурет және т.б. шұғыл қолжеткізу. Сондықтан ШҚО мәдениет басқармасының А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкерлері кітапхана қорын белсенді түрде электрондық форматқа аударып, цифрландырылған дереккөздер көлемін барынша арттыруды көздейді. Облыстық әкімдік кітапхананың идеясын қолдап, планетарлық сканерді сатып алуға мемлекеттік бюджеттен 29 млн. теңге сомасында қаражат бөлді.

Сонымен қатар, А. С. Пушкин атындағы кітапхана өңірлік цифрлық кітапхана порталын құруды жоспарлап отыр, оны әзірлеу үшін С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT мамандары тартылды. Порталдың маңызды міндеті –облыстың барлық кітапханаларының қорын қамтитын жиынтық электрондық каталогты қалыптастыру болып табылады. Аталған каталогта кітаптың нақты қай кітапханада орналасқандығы көрсетіледі.  

Қорларды басқа кітапханалардың топтамаларымен біріктірудің тағы бір тиімді тұсы – басқа елдердің қашықтағы кітапханаларының ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта А.С. Пушкин атындағы кітапхана тестілік режимде орыс және шет тілдеріндегі электронды және аудиокітаптардың ең ірі коллекциясы жинақталған «ЛитРес» электронды кітапханасы сервисіне қосылды. Кітаптар барлық танымал форматтарда қолжетімді: FB2, FB3, ePub, PDF, PDF A6, TXT, HTML, RTF, MOBI. Кез-келген оқырман өзі қалаған электронды кітапты таңдап, кітапханашыға тапсырыс беріп, оны 2 аптаға оқуға ала алады. Кітапхананың ары қарайғы әрекеті «ЛитРес» сервисіне тестілік қосылудың нәтижесі бойынша анықталады.

Жыл енді ғана басталды, ал А.С. Пушкин атындағы кітапхананың «цифрлық қадамдары» қазірдің өзінде айқындалып, үлкен мүмкіндікке ие. Кітапханаға өз идеяларын сәтті жүзеге асыруда және цифрлық әлемде ақ жол тілейміз!