ШҚО-дағы суқоймаларда көксерке балығы көбейіп келеді

866
көрілім
Өңірімізде алғаш рет көксерке балығының шабағы өсіріліп, нәтижесінде суқоймалардағы ауланатын балық мөлшері отыз пайызға ұлғайды.

Облыс прокуратурасы басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қолға алынған бірнеше жобаларды қорытындылады. Оның ішінде балық ресурстарын қорғауға арналған жобаның нәтижесі де талданды.

— Браконьерлермен күрес толассыз жүргізіліп келеді. Аталмыш бағыттағы жұмыстар тоқтаған емес, — деп хабарлады облыстық Прокуратура. — Көлдерді балықтандыру қиынға соқты. Көксерке балығының шабағын өсіру үшін халықаралық дәрежедегі сарапшылар мен Ресейлік мамандарды шақыруға тура келді. Осындай бірлескен шаралардың нәтижесінде көксерке балығының шабақтарын Зайсан көліне жіберудің сәті түсті. Көксерке шабағын өсірудің жаңа әдісін жасадық.

«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Алтай филиалының деректеріне сүйенсек, өңірдегі көлдерге балық шабақтары жіберілгеннен бері көксерке саны көбейе түскен. Жоба басталмай тұрып облыстағы суқоймаларда төрт мыңға жуық көксерке балығы болса, қазіргі уақытта олардың саны алты мыңға жетті.