Өскеменде еліміздің және шетел ғалымдарының қатысуымен аймақтағы тарихи қорымдар тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өңірдегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ және Алматы қаласындағы Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану Инстуты тізе қосып, «Ұлы дала тарихы» жобасын жүзеге асыру мақсатымен аталмыш шараны қолға алған. Дөңгелек үстел аясында соңғы уақыттары Шығыс жерінде табылып жатқан тарихи ескерткіштер мен құнды жәдігерлерді тереңірек зерттеу және ғылым төңірегіндегі бірқатар мәселелер талқыланды. Шетелден келген бірқатар профессор-мамандар өздерінің қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты баяндамаларын оқып, айрықша қызығушылық танытып жатқандықтарын байқатты. Мәселен, Бельгиядағы Лувен католик университетінің профессоры Анна-Мари Вильменко Берел, Елеке сазы тарихи қорымын көшпелі жұрт мекен етіп, ат тұяғының дүбірі естілетін киелі өлке деп санайтынын жеткізді. Шығыс Қазақстан тарихын едәуір жетік білген маманға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға келіп, студенттерге дәріс оқуға ұсыныс білдірді.
Ал биология ғылымдарының кандидаты Лейла Жансүгірова белгілі археолог Зейнолла Самашевтың зерттеу саласындағы ерен еңбегін айта келе Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы ескеркіштерінің ерекшеліктерін атап кетті.
- Бұл қорымдағы аналық линия ДНК гаплогруппасы бойынша ажыратылады. Сақ элитасында туысқандық жолмен шаңырақ көтеру қалыпты құбылыс. Дәл сондай жағдайлар Еуразия құрлығының біршама жерінде жалғасын тапқан, - деді биология ғылымдарының кандидаты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ