Ұлан ауданының спортшылары жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл туралы баспасөз конференциясы барысында аудан әкімі Ренат Құрмамбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлан ауданына қарасты Привольное ауылының тумасы Ораз Басаров биыл 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде армрестлингтен Әлем чемпионы атанды. Алтын медальға қол жеткізіп, ересектер арасында жас болса да фавориттердің бірі екендігін дәлелдеді. Ораз халықаралық ареналарда өз елінің байрағын талай рет көтерді. Ол Қазақстанның 16 дүркін, Азияның 9 дүркін, армрестлингтен әлемнің 10 дүркін чемпионы. Осындай жоғары жетістіктерден соң 2016 жылы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды. Ораз Малайзияда, Өзбекстан, Болгария, Қырғызстан, Ресей, Татарстан, Италия және тағы көптеген елдерден ұдай олжалы оралды.
Макеевка ауылының тұрғыны Деши Дурсаева осы чемпионатта 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қол күресінен ешкімге дес бермей, ел қоржынына бұрымдылар арасында кезекті алтын медаль салды. Деши үшін бұл әлемдік аламанның 7-ші алтыны.
Жастар мен жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионатында Айшагүл Елеубаева күміс медальға ие болып, ҚР спорт шеберіне үміткер атағын орындады. Жас спортшы бокстан ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы әрі Әлем чемпионы.
Джиу-джитсудан Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы және қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Жібек Жақсыбайды да айта кеткен орынды.