Жарма ауданында жүзеге асырылып жатқан 12 инвестициялық жоба ШҚО кәсіпкерлікті қолдау Картасына енгізілді. Осы жобалардың арқасында екі мың жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы баспасөз конференциясы барысында Жарма ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин мәлімдеді. Оның айтуынша, 2010-2019 жылдар аралығында 156 млрд теңгенің төрт жобасы пайдалануға берілді.
– Олардың қатарында жылына 2 млн тонна кен өндіретін «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС тау-кен байыту кешенінің құрылысы бар. Қазір кәсіпорын ірі салық төлеуші болып саналады, оған ауданның меншікті табысының 42% тиесілі, мұнда 1340 адам жұмыс істейді, – деді аудан басшысы.
Инвестициялық жобалар қатарында «Қазақцемент» ЖШС қуаттылығы жылына 1 млн тоннаға жететін цемент зауытының құрылысы, қуаттылығы 30 МВт күн электр станциясының құрылысы, минералды белсендірілген ұнтақ өндіру жобасы бар. Биыл қуаты 30 МВт жел электр станциясының құрылысы аяқталды.