Бүгін Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да облыс бойынша ҚР жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысы Ерлан Жалмағамбеттің қатысуымен өткен жемқорлыққа қарсы форум аясында бірқатар студенттер орталықтары салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен департамент басшысы мен университет ректоры Мұхтар Төлеген «Парасат» студенттерге қызмет көрсету орталығының, «Саналы ұрпақ» атты фронт-кеңсесінің жұмысымен танысты. Студенттерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуді басшылыққа қоятын белсенді жастар атқаратын міндеттері мен жұмыс барысынан хабардар етті. «Саналы ұрпақ» фронт-кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Байркенованың айтуынша, аталмыш кеңсенің болашақ бакалавр мамандарына қызмет көрсетіп келе жатқандығына 10 ай болды.
Осы уақыт аралығында студенттер «Адалдық дүкені», «Адалдық кітапханасы» сынды жобалар төңірегінде едәуір еңбектенген. «Саналы ұрпақ» деген атаудың өзі тарихқа үңіле отырып қойылған екен. Атаудың астары – әділетсіздіктен ада болып, мемлекет қоғамындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұдан бөлек, осы кеңсе бірнеше айдан бері аймақтағы барша білім беру ұйымдарымен етене жұмыс істеп келеді. Қызығы сол, бұл жерде студенттер мен оқытушылардың жалғандыққа қаншалықты жол бермейтіндігін анықтайтын шындық детекторы да орнатылған.
– Мұндай құрылғы арқылы болашақ мемлекеттік қызметкерлер мен заң саласына бет бұрған жандардың шыншылдығын байқауға болады, – дейді Гүлмира Байркенова. – Бәлкім, алдағы уақытта маңызды қызметке барғысы келетіндер де табылар арамыздан. Ал бұл құрылғы сол бағытта шындықты ту еткен мамандарды анықтауға сеп. Тек студенттер емес, шындық детекторынан оқытушылар да өте алады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ