ШҚО-дағы жүздеген ауылдың Бас жоспары жоқ

570
көрілім

Шығыс Қазақстандағы жүздеген ауылдың Бас жоспары жоқ. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, мұндай жоспардың жоқтығы кәсіп ашуды көздеген ауылдықтарға қолбайлау болып отырған көрінеді. Сондай-ақ, бұл жаңа нысандардың да салынуына кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен отырыста шенеуніктердің жыл сайын елді мекендердің бас жоспарын дайындау үшін қаржы бөлуді сұрап, тапсырыс беретіні жөнінде айтылды. Алайда сұралған қаражат бөлінбей, жүздеген ауыл әлі де құжатсыз тіршілік жасауда.

Бізде мұндай 516 елді мекен бар. Оның 394-нің тұрғындары аз, әрі болашағы жоқ ауылдар, сондықтан оларға Бас жоспар жасаудың мағынасы жоқ, – дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий. – Кейбір елді мекендердің Бас жоспарлары дайын болғанымен, бекітілген жоқ. Мұндай жағдай Глубокое ауданының Бобровка, Секисовка, Черемшанка сияқты ауылдарында орын алып отыр. Тағы да 82 елді мекеннің бас жоспарын дайындап, 113-не түзетулер енгізу керек.

Ал әр ауылдың өзінің Бас жоспары пайда болуы үшін шамамен бір миллиард 368 миллион теңге қаражат қажет.

Бұл құжатты дайындау қаншалықты бизнеске көмегін тигізетінін анықтау қажет, – дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. – Бұдан кейін әр ауылға қандай жұмыстардың қажет екені белгілі болады.