ШҚО-дан заңсыз 10 тонна балық әкеле жатқандар Павлодар облысында ұсталды

741
көрілім

Павлодар облысының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Курчатов-Қалқаман» тасжолында балық тиелген «Scania 113» маркалы автокөлігін ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеріс барысында 54 жастағы жүргізуші мен 31 жастағы жолаушының балық тасмалдауға арналған тиісті құжаттары болмаған.

– Күдіктілердің айтуынша, олар Шығыс Қазақстан облысы Приозёрное ауылы, Зайсан көлі бойындағы жергілікті тұрғындардан 10500 келі балық сатып алып, тауарды Қарағанды қаласында сатуды көздеген. Жүк көлігінде тоғыз тоннадай көксерке, шортан, мөңке, алабұға, табан балықтары тиелген. Аталмыш фактіге қатысты ҚР ҚК 335-бабының 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді департаментте.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында 16 сәуір-30 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынған. Себебі осы кезеңде балықтардың уылдырықтарын шашу маусымы басталады. Ал, Павлодар өңірінде 10 мамырдан бастап балық аулауға рұқсат етілмейді.

Фотосурет: Қазақпарат