ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен облыс прокуратурасы, қоғаммен бірлесіп, арнайы мониторинг тобы өкілдерінің қатысуымен, "Шығыс адалдық алаңы" кеңселік жобасы және Лидер.kz қозғалыс еріктілерінің қатысуымен Шығыс Қазақстанда тегін гуманитарлық көмекті бөлу барысына мониторинг жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ШҚО бойынша Департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Ресей Федерациясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустық инфекциямен қамтылған елдерге гуманитарлық медициналық көмек көрсетуге ниет білдірді. Бүгін Өскемен қаласына көршілес Ресей мен ДДҰ-нан келіп түскен гуманитарлық жүк бөлінуде.
Медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмектермен және вирустардан қорғау құралдарымен қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттер болып саналады.
ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі көпшілікпен бірлесіп гуманитарлық көмектің талан-таражға түспеуіне жол бермеу, тиімді бөлінуі және қарапайым тұтынушыға жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде.
Гуманитарлық көмек аясында Ресей Федерациясынан Денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына медициналық бұйымдар: 2600 дана – тоқылмаған материалдардан жасалған қорғаныш киім жиынтығы, 21 750 дана – бір реттік үш қабатты медициналық маскалар және 230 дана – коронавир таблеткалары түсті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бетке арналған 25 000 дана қорғаныш қалқаншалармен, 3 600 дана көзілдірікке арналған қорғанышпен, 6700 дана медициналық халаттармен, 18 000 дана медициналық және хирургиялық маскалармен, сондай-ақ 51 000 дана респираторлық маскалармен қамтамасыз етті.
Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның бастамасы бойынша гуманитарлық көмек ретінде алынған ауруханалар мен стационарларға арналған жеке қорғану құралдары "Тегін"деген мөртабанмен белгіленеді.
Барлық түскен көмек облыстың денсаулық сақтау мекемелері арасында бөлінеді.