Шығыс Қазақстан облысына Қытай елінен медицина бұйымдары жеткізілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кеше сағат 18.20-да медицина бұйымдары тиелген салмағы 14 тоннаны құрайтын жүк Қытайдан Өскемен әуежайына жеткізілген. Оның ішінде 100 мың экспресс-тест, 18 мың қорғаныс костюмі, 80 мың респиратор, 10 мың дана қорғаныс маскасы бар. Осылайша, облыстың барлық инфекциялық, провизорлық және обсервациялық стационарларының қажеттілігі толығымен қамтамасыз етіледі. Экспресс-тесттен алдымен КВИ-мен күресте алдыңғы шепте жүрген адамдар өткізілмек. Олар медицина, құқық қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық органдардың қызметкерлері.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, медициналық бұйымдар мен арнайы құралдарды сатып алу және тасымалдау "Парыз" қоғамдық қоры есебінен қаржыландырылған. Тауарларды қысқа мерзім ішінде сатып алу қытайлық серіктес – синьцзяндық "Сан Бао" сауда-өнеркәсіптік корпорациясы ЖШС арқасында мүмкін болды.
Компания ШҚО тұрғындары үшін өз есебінен 10 млн теңгеден астам сомаға қосымша Alena-310 маркалы 2200 қорғаныс маскасын, сондай-ақ 200 мың дана қан алу үшін бір реттік инелер мен градуирленген тамызғыштарды жіберді.
- Елбасы Үндеуіне сәйкес және ел Президентінің тапсырмасын орындау аясында біздің облыс қысқа мерзімде қытайлық әріптестермен ынтымақтастықта қажетті медициналық бұйымдар мен тауарларды сатып алды. Бұл біздің жерлестеріміздің денсаулығы мен өмірін сақтау үшін алдыңғы қатарда жұмыс істеп жүрген медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын COVID-19-дан қорғау құралдарының қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді аймақ басшысы.
Тауарларды тиеп жөнелтуге "Nur Otan" партиясының еріктілер де белсенді түрде қатысты. Облыстың қалалары мен аудандарына ары қарай тарату үшін медициналық бұйымдар Жұмылдыру дайындығы басқармасының қоймасына жеткізіледі.