Бүгін Тайландта ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты жалауын көтереді. Бас бапкер Юрий Мельников жауапты жарыста қай спортшылардан жүлде күтетіні жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, Паттайя қаласында өтетін аламанда екі жерлесіміз өнер көрсетеді. Бірі – 76 келі дәрежесіндегі семейлік Екатерина Быкова, бірі – 89 келі салмақта бақ сынайтын Алтай ауданының тумасы Денис Уланов. Ұзын-ырғасы тоғыз зілтемірші ел намысын қорғайды. Осы ретте Ұлттық құраманың бас бапкері алға қойған жоспары жайлы ойын ортаға салды.
– Іріктеудің жаңа жүйесін ескере келсек, атлеттеріміз үшін басты мақсат – жекелей сында ұпайлар жинау. Әйелдер арасында 55 келіде сынға түсетін Зүлфия Чиншанлоның жолына сеніммен қараймыз. Ерлер сапында бірнеше спортшы бабына ене бастағанымен, соның ішінде 89 келі салмақта мүмкіндігін байқайтын Денис Улановтан үміт күтеміз. Өзге салмақта да жүлде алып қалуы мүмкін деген спортшылар бар, дегенмен оларда азуы алты қарыс қарсыластар жетерлік. Сондықтан қандай нәтижелер боларын сайыс көрсетеді, – деді Юрий Мельников.
Onlygoldmedal сайты дерегіне сенсек, бұл додаға биыл тұңғыш рет 120 елден спортшылар келіп қатысқалы отыр. Ал жалпы зілтеміршілер аламаны өз тарихында осымен 85-ші рет ұйымдастырылды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ