Қазақ мәдениетінің қазынасы - домбыраның құндылығы мен маңыздылығын арттыру және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту мақсатында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ-ның ұйымдастыруымен «Қасиетті Домбыра» республикалық байқауы өтті.
Байқауға Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан №1 қалалық музыка мектебінің оқушысы Айзере Зарыққанқызы «Ең үздік күйші» (шертпе күй) номинациясы бойынша 3-орын иегері атанды. Оған тәлім берген ұстазының аты-жөні - Бағдат Ескендірова.
«Қазақтың күй өнері арқылы жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі кезек күттірмес мәселе. Қасиетті күйімізді дәріптеп жүрген жерлесіміз Айзереге және осындай үлгілі ұрпақ өсіріп отырған ата-анасы мен ұстаздарына алғыс білдіремін»- деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.
Күй – халқымыздың рухани болмысының, дүниетанымы мен мәдениетінің тұғыры биік асыл мұрасы. Ал домбыра – ұлттық аспаптарымыздың ең киелісі екендігі сөзсіз.
«Қасиетті домбырамызды әспеттейтін маңызы терең, мағанасы зор шара ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Айзеренің анасы ретінде осы бағытта жақсы жетістікке жетуіне үлкен үлес қосқан жетекшісі Бағдат Құмарғалиқызына ерекше ризашылығымды білдіріп, еңбегін атап өткім келеді», - деді Гүлмира Ахметқалиқызы.