Өскемендегі «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушылары Нову Гамбург қаласында өткен олимпиадада бірнеше медальді қанжығаларына байлады.
Байқау 34-нші халықаралық «Mostra Internacional de Ciência e Tecnologia» (Mostratec) білім көрмесі аясында ұйымдастырылды.
"Mostratec" көрмесінің мақсаты оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын көтеру, оқушыларды ғылым мен техниканың әр түрлі салаларында шығармашылық қызметке тарту, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, оқушылармен жұмыс істеуге мамандарды тарту.
Әлемнің 40 елінен 1000-нан аса оқушы қатысты. Бразилия, АҚШ, Қытай, Аргентина, Босния және Герцеговина, Чили, Колумбия, Дания, Голландия, Үндістан, Индонезия, Италия, Мексика, Парагвай, Перу, Португалия, Тунис, Түркия, Уругвай сияқты бірқатар елдің білімпаздары математика, биология, физика, химия, информатика және лингвистика бойынша өздерінің зерттеу жобаларын ұсынды.
Финалға "Нұрорда" мектеп-лицейінің 10 және 11 сынып оқушыларының 4 жобасы өтті. Осылайша, халықаралық байқау-жәрмеңкеде олар небәрі 10 медаль жеңіп алды. 5 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль.
Айта кету керек, бұл олимпиадаға өскемендік оқушылар екінші рет қатысты.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ