Жуырда Ташкент қаласында грепплингтен ауқымды жарыс ұйымдастырылды. Бас-аяғы 10 мемлекеттен келген 1000-нан астам спортшы түрлі салмақ пен жас аралығында бақ сынады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қазақстаннан отызға жуық спортшы қатысты. Оның ішінде ШҚО ПД капитаны Нұрбек Мурсалимов бар.
Шығысқазақстандық жігіт үшін бұл спорт түрінен алғашқы үлкен жарысы осы. Бұған дейін негізінен пауэрлифтингпен айналысқан. Тіпті 2017 жылы Әлем чемпионы атанды. Грепплингпен тек екі жыл бұрын айналыса бастаған.
65 келіге дейінгі салмақта сайысқа түскен Нұрбек Мурсалимов финалдық бәсекеге аптықпай жетіп, татами төріне отандасы Маулет Апендинмен белдесті. Полиция капитаны халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар қарсыласына тек 2 ұпаймен жол берді. Әлемдік жарыста алғаш рет бақ сынаған жерлесіміз ҚР спорт шебері атағын орындап, қазан айында Мәскеуде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ