ШҚО-ның кейбір мал дәрігерлері cүт өндіру бағдарламасы бойынша оларға қойылған талаптарды орындамауда

592
көрілім

Өңірдің мал дәрігерлері cүт өндіру бағдарламасы бойынша оларға қойылған талаптарды дұрыс орындамай отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Естеріңізге сала кетсек, Шығыс Қазақстан облысында cүт дайындау бағдарламасы аясында жұмыс істеу алгоритмі нақтыланып, бекітілген және төрт түлік малға берілетін жем-шөп үлесі жайлы тереңірек баяндалған арнайы кітап жарыққа шыққан болатын. Басты мақсат – аты аталған бағдарламаны іске асырумен айналысатын мамандардың жүгін жеңілдету еді, алайда кейбір жауапты тұлғалардың өз міндеттеріне салғырт қарағандығы анықталған. Тіпті олардың арасында арнайы кітапты оқымаған мамандар да кездеседі. Осының салдарынан тұрғындардан сүт жинау жұмыстары талапқа сай орындалмауда.

Көкпекті ауданының мал дәрігерлері өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмейді, – дейді ШҚО әкімінің кеңесшісі Дүйсенбай Селиханов. – Аудандағы 5 сүт қабылдау пункті жарты жылдың ішінде 600 тоннадан астам сүт жинаған. Бұл көрсеткіш қойылған талаптарға сай емес.

Осы орайда, өңір басшысы Даниал Ахметов мал дәрігерлерінің жұмысын жіті бақылауда ұстау керектігін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі құзырлы мекеме мамандарына бір апта ішінде әрбір мал дәрігерінің қызметіне баға беретін есептеме жүргізуге тапсырма берді.