ШҚО әкімшілігінің кезекті отырысында облыс әкімі Даниал Ахметов Зырян және Аягөз аудандарында ашылатын екі инсульттық орталықтың жабдықталуына қажет бюджеттік қаражатты есептеуді тапсырды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайты ШҚО Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Облысымызда заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген үш инсульттық орталық жұмыс істейді. Олар – Өскемен қаласындағы облыстық аурухана мен бірінші қалалық аурухана және Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы. Бірақ бұл мекемелер тек жақын аудандардан келетін емделушілерді қабылдайды. Сондықтан, денсаулық сақтау басқармасы басшылығы тарапынан тағы екі инсульттық орталық ашу ұсынылды.
– Алдымен, сіздер бұл орталықтардың жабдықталуына жұмсалатын бюджеттік қаражатты қарастырып, пайдалануға тапсырылатын мерзімін анықтауыңыз қажет. Сонымен қатар, инсульттық орталықтар тек қағаз жүзінде ғана ашылып жатпау керек, – деді Даниал Ахметов.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, Аягөз және Зырян аудандарында ашылатын орталықтар – инсультке шалдыққан көптеген жандарға дер кезінде көмек көрсетуге оң септігін тигізетіндігін атап өтті.