Қоғамы нарық жайлаған мына заман адамдардың өмір сүру заңдылығын күн санап қиындатып келеді. Осы орайда сабақтан бос уақытын жұмысқа арнап, бәсекеден қалыс қалмаған студенттер өміріне тоқталуды жөн көрдік, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Еңбек бейнет емес, зейнет
Бүгінгі таңда ата-анасына салмақ түсірмей, өз бетінше жұмыс істеп, ақша тауып жүрген жастарымыз қаншама. Бәрі де тырмысып, күндіз оқуын оқыса, кешкілік жеңіл-желпі жұмыс істеуге бейім. Жеңіл-желпі жұмыс деп отырғанымыз кештен бастап, түн жарымына дейін тікесінен тік тұрып, дәмханалар мен мейрамханаларда ыдыс-аяқ жууды айтып отырмыз. Қалтасында дипломы жоқ университет қабырғасында оқып жүрген жастарды қай жер тұрақты жұмысқа алар дейсіз?
Студенттердің сабақтан тыс уақытында қалай ақша табатыны жайлы өз ауыздарынан естіп қайттық.
– Сабақтан бос уақытымда қыздардың тырнағын әрлеп, бояумен айналысамын. Себебі қыздар қашан да әдемі, көрікті болып жүргенді ұнатады. Соған орай мен де арнайы тырнақ бояуды үйрендім. Қазір клиенттерімді үйде қабылдаймын. Күніне кем дегенде 2-3 қыз тырнақ әрлеуге келіп тұрады. Бастапқыда тәжірибем аз болды. Соған қарай бағасы да қолжетімді болды. Қазір қосымша істеп отырған кәсібім арқылы тапқан ақшаға өзімнің кем-кетігімді толықтап, қалғанына ата-анама көмектесіп отырамын, - дейді 2 курс студенті Назерке Жамиғұлова.
Ата-ананың мойынына масыл болмай еңбек еткен жастардың бүгінгі талпынысы кім-кімді болмасын қуантары хақ. Десе де барлық жұмыс көңілден шыға бермейтіндігі белгілі. Бірақ сол жұмысты шарасыз істеуге тура келетін кездер де жоқ емес.
– 3 курс студентімін. Университетті ақылы түрде оқығандықтан жұмыс істеп, ақша табуға тура келді. Демалыс күндері, сабақтан тыс уақыттарда мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істеймін. Мұнда әр түрлі мінезді меймандар келеді. Әрине түнгі сағат 2-3-ке дейін жұмыс істеу қиын. Ұйқы қанбайды, әйтсе де төзуге тура келеді. Күніне 4-5 мың теңге жалақымызды аламыз. Түнде үйге өздері апарып тастайды. Кей күндері базарға барып жүк тасушы да болдым. Жыл сайын оқуға 450 мың теңге төлеп оқимын. Бұндай қомақты соманы бірден тауып беруге отбасылық жағдай көп мұрша бере бермейді. Сондықтан қаншалықты ауыр жұмыс болса да атқаруға тура келеді, - дейді Нұрлыбек Жанұзақ.
Жалқаулық адамзаттың жауы емес пе? Жастарымыздың осылай адал еңбегімен нанын тауып жүргеніне қалай риза болмасқа. Бірі қажырлы еңбегімен табыс тапса, енді бірі өнерімен күн көріп жүр.
– Университеттің ақылы бөлімінде оқимын. Сабақтан бос уақытымда тойға шығып ән айтамын. Бір тойдан 5 мыңнан 20 мың теңгеге дейін аламын. Әрине әр жұмыстың өз қиындығы бар. Күндіз сабақ, түнде той. Кей күндері тойға кешігіп те қаламыз. Негізінен шілде айынан бастап той көбейеді. Тойдан тапқан ақшаға оқу ақысын төлеймін. Ата-анама салмақ салғым келмейді. Ал шындығында әнші болу – бұл менің бала күнгі арманым, - дейді Дарын Жігер.
Жастарға арналған жаңа жобалар
Елімізде студенттердің көбі жазғы демалыста жұмыс істеп, табыс табады. Олай болса жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттердің сабақтан тыс жұмыс істеуіне басшылық қаншалықты көңіл бөлуде?
– Биылғы 2019 жыл – Жастар жылы болғандықтан мемлекет 40 жасқа дейінгі азаматтарға 3 миллиард теңге қаржы бөлді. Осы конкурсқа С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті бірінші рет 23 ғылыми жоба дайындады. Жобаның құны 600 миллионнан асады. Бұл жоба студенттер үшін өте пайдалы. Жастар сабақтан бос уақытында зертханаға барып өзінің ғылыми жобасымен айналысу арқылы ақша таба алады, - деді аталмыш университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Жоғары оқу орнының түлегі Досмұрат Нұрлан осы жобалар аясында университет шеберханасында өзінің ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасап, саудаға салуда. Демек қандай іспен айналысамын десеңіз де ешқандай кедергі жоқ. Тек ынтаңыз бен талантыңыз болса жеткілікті.
Студенттерге жеңілдік жасалуда
Айта кетейік, университет басшылығы жаз айларында «Жасыл ел» бағдарламасын ұйымдастырады екен. Бұл бағдарлама студенттердің жазғы демалыс уақытында ақша табуына мүмкіндік беріп отыр. Ең төменгі жалақы 50 мың теңгеден басталады. Мұнда студенттер қаланы абаттандыру бағытында жұмыс істейді. Сонымен қоса ақылы түрде оқитын студенттерге де жеңілдік қарастырылыпты.
– Бізде ақылы бөлімде оқитын студенттер үшін Абай атындағы 50 мың теңгенің шәкіртақысы 4 жыл бойы беріліп келеді. Екіншісі С. Аманжолов атындағы шәкіртақы беріледі. Ол 25 мың теңге көлемінде болады. 4 жыл беріліп отырады. Бұл шәкіртақы 2018 жылдан бастап енгізілген. Мұндай жеңілдік университет өмірінде ерекше еңбегі сіңген талант иелеріне ғана тиесілі. Биыл Арыс қаласына көмек ретінде 10 грант бөлінді. Жетім балаларға жатақханада тегін тұруы үшін бар жағдай жасалған. Былтыр 24 жетім бала тегін тұрса, биыл 20-дан астан бала жатын орынмен қамтылған. Жатақханада тегін тұру жеңілдігі көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге де қарастырылған, - деді Мұхтар Әділбекұлы.
Университет басшылығы Жастар жылына орай биылғы оқу ақшасын едәуір төмендетіпті. Мысалы 443 мыңнан 370 мың теңгеге дейін түсірген. Бұл жеңілдік ақылы бөлімде оқитын барлық студенттерді қамтиды.
Бір қуанарлығы, биылғы Жастар жылы сабылысқан жиналысқа емес, нәтижелі істерге толуымен ерекшеленіп отыр. Жастардың қалауы да осы еді.
Таунар ҚАЙРАТ