ШҚО-ның үш ауданында елік пен қабан атқан браконьерлер ұсталды

581
көрілім
Сурет ШҚО ПД

Жабайы аңдарды заңсыз атқандарды ұстау мақсатында өткізілген рейд кезінде бірнеше құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми өкілдердің мәліметінше, тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді топтар құрылып, нәтижесінде бір мезетте үш ауданда браконьерлікке қатысы бар деген күдікпен тұрғындар қолға түсті. Құқық бұзушылардың көліктерінен тегіс ұңғылы мылтықтар табылған.
Бесқарағай ауданында 29-42 жас аралығындағы төрт ер адам ұсталып, олардың көлік салонынан төрт елік еті, «Сайга» және «ИЖ» маркалы екі мылтық, пышақ, дүрбі, сондай-ақ 7,62 және 12 калибрлі көптеген патрондар тәркіленген.
Екінші дерекке сүйенсек, Тарбағатай ауданының 53 жастағы тұрғыны тіркелмеген мылтықпен қабан атқан. Көліктен жануар қалдықтары мен мылтықтардан басқа, бірнеше патрон табылған.
Келесі жағдай  Бородулиха ауданында тіркелген. Заңсыз аң аулағаны үшін  34 жастағы  екі ер адам ұсталып, елік атқандары анықталды. Қарда жүретін көлік, «ИЖ» маркалы тегіс ұңғылы мылтық, оқ-дәрілер мен пышақтар тәркіленді.
– Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 337-бабына (Заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның санкциясы 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.