ШҚО-ның Жарма ауданында Әди оқулары өткізіледі

1107
көрілім
Фотосурет kray.pushkinlibrary.kz .
Көрнекті қоғам қайраткері, партизан-жазушы, әдебиеттанушы, Жарма ауданының тумасы Әди Шәріповтің 105 жылдығына орай Әди оқуларын өткізілу жоспарлануда, деп хабарлайды Бұқара.кз тілшісі Жарма ауданының ішкі саясат бөліміне сілтеме жасап.

Аталған шараға Шәріповтің жұбайы Клара Мыңжасарова және Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мен басқа да әдебиетші, тарихшы ғалымдар қонақ ретінде келіп қатысады. Келген қонақтар жазушның туған жері Әди ауылына барып, тұрғындармен кездесу өткізеді. Ал Әди оқулары 7 шілде күні сағат 11.00-де Жарма аудандық Мәдениет үйінде басталады.

Шара барысында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінен философия ғылымдарының кандидаты Е.Жетібаев «Мәдени жаңғырудың прогрессивті өзектілігі туралы», педагогика ғылымдарының докторы, профессор, педагогика кафедрасының меңгерушісі М.Джанбөбекова «Әди Шәріповтің үрдісті педагогикалық қызметі туралы», филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қ.Құрмамбаева «Ә.Шәріповтің қаламгерлік, қайраткерлік, ғалымдық тұлғасы туралы», филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Ж.Аитова «Ә.Шәріповтің зерттеушілігі туралы», тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Н.Мұхаметжанова «Халқымыздың қилы тағдырының куәгері» атты баяндамаларын жасап, Ә.Шәріповтің жан-жақты қырлары туралы әңгіме қозғайды.

Әди Шәріпов — 1912 жылы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Мариновка ауылында (қазіргі Әди ауылы) туған. 1932–1935 жж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып, 1935–1936 жж. Түрікмен КСР-індегі Красноводск педагогикалық техникумында оқу меңгерушісі болған. 1936–1938 жж. ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіндегі оқуын жалғастырған. Институтты бітірген соң Алматы облысының «Қаскелең» орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарған.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Кеңес Армиясының қатарында, Беларусь жеріндегі, Смоленск, Орлов облыстарындағы партизан отрядтарының құрамында болды. 1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың мамырына дейін партизан қозғалысының Смоленск штабында жұмыс істеді.

Соғыстан кейінгі уақытта Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, Қазақ КСР Оқу министрі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, 1966–1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының докторы.

«Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» атты шығармалардың, «Сахара қызы», «Дос сыры» романдарының авторы. «Орман хикаясы» атты киносценарийі бойынша түсірілген көркемсуретті фильм Ташкент қаласында өткен Азия мен Африка елдерінің кинофестивалі мен Алматыда өткен Кеңестер Одағының кинофестивалінде КСРО Қорғаныс министрінің арнаулы жүлдесіне ие болды. «Ж.Саиннің өмірі мен творчествосы» (1964), «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуының проблемалары» (1974), «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық» (1984), «Сырбай Мәуленов творчествосы» (1985) атты монографиялардың, әдебиеттану мен педагогика салаларына қатысты көптеген мақалалардың авторы.

Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, КСРО медальдарымен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

2012 жылы республика көлемінде, Жарма ауданында белгілі тұлғаның 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Туған жері – Былқылдақ (бұрынғы Мариновка) ауылына Әди ауылы деген атау берілді.