ШҚТУ мен ШҚО полиция департаменті арасындағы ынтымақтастық арта түспек

494
көрілім

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Шығыс Қазақстан облысының полиция Департаменті арасында меморандумға қол қойылды. Мұндай ынтымақтастықтың арқасында қазіргі заманға сай, білікті де білімді мамандарды даярлауға, оларды жұмыспен қамтуға бар жағдай жасалмақ.

Жиынға ШҚО полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ренат Унарбеков, кадр саясаты жөніндегі басшы, подполковник Мұхтарбек Бакетаев, ШҚТУ-дың Мектеп декандары, білім беру бағдарламаларының жетекшілері және Академиялық қызмет жөніндегі проректор Жадыра Қоңырбаева қатысты.
Қазіргі таңда Өскемен қаласында көліктер саны өспесе, кеміген емес. Бұл өз кезегінде жол қозғалысын сауатты ұйымдастыруды талап ететіні сөзсіз. ЖОО-да осы сала мамандарын дайындайтын білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып отыр. Солардың бірі «Жол қозғалысын ұйымдастыру». Кездесу барысында бағдарлама жетекшісі Гульнур Конарбаева білім бағдарламасының артықшылықтары туралы айтып, жоспарларымен бөлісті.
Бүгінгі таңда қай сала болмасын IT-мамандарға сұраныс өте жоғары. Сол себепті, IT-технологиялар бағытында арнайы дағдылары бар жол қозғалысын ұйымдастыру мамандарын дайындау үшін бірлескен білім беру бағдарламасын құру идеясы ұсынылды. Сонымен қатар, полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелері базасында өндірістік тәжірибеден өтуді ұйымдастыру жайы және басқа мәселелер ортаға салынды.
Кездесу соңында ШҚО полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ренат Унарбеков және Академиялық қызмет жөніндегі проректор Жадыра Қоңырбаева меморандумға қол қойды.