ШҚТУ студенттері жемқорлықсыз болашақты таңдайды

634
көрілім

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да “AntiParaCraft -2021” студенттік жемқорлыққа қарсы квест ойыны өтті.

Ойынға жер және қоршаған ортаны зерттеу Мектебінің «Әділдік лигасы», машина жасау Мектебінің  «Таза қол», бизнес және кәсіпкерлік Мектебінің «Әділет альянсы» және жоғары IT-колледждің «Бес мың» командасы қатысты. Қазылар алқасы қатарында Шығыс Қазақстан техникалық университетінің  бірінші проректоры Сәуле  Рахметуллина, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті, Превенция және парасаттылық басқарамысының басшысы Архат Бейсембаев, Шығыс — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаты  Маржан Бахыт,  Әлеуметтік тәрбие жұмысы және азаматтық даму басқармасының басшысы Ақмарал Қазыкешова, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының аға оқытушысы Гульфия Берекполова және облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мейрамтай Иманғали болды.

Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел жиынға онлайн қосылып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ойынға кіріспес бұрын командалар өздерін таныстырып,  ұстанымдарын жеткізді. «Ситуациялық кейс-тапсырмаларды» шешуде қатысушылар сөз шеберлігін көрсетіп, өз пікірлерін дәлелдеуге тырысты.  Келесі «Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» бөлімінде студенттер Абайдың Қара сөздерін білуден кіл мықтыдан кім мықты екенін анықтап, қара жәшік сұрақтарына жауап берді. Команда капитандары да  «Жағдаятты шеш» турына қатысып, өз білімдерін көрсете білді. Сонымен қатар, студенттер арнайы бағдарлама арқылы академиялық адалдық тақырыбында тест шығарып,  үй жұмыстарын көрсетті. Әр команда театрландырылған көрініс қойды.

Әділ қазылар алқасы шешімі бойынша үшінші орынды  IT-колледждің "5 мың теңге" командасы еншіледі. Екінші орынға машина жасау Мектебінің "Таза қол" командасы табан тіресе, бірінші орын  бизнес және кәсіпкерлік Мектебінің «Әділет альянсы» командасына бұйырды. Гран при жер және қоршаған ортаны зерттеу Мектебінің  "Әділдік лигасы" құрамасы ұтып алды.

Еске сала кетейік, “AntiParaCraft -2021” алғашқы студенттік жемқорлыққа қарсы квест ойынын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті өткізіп, челендж жолдаған болатын, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері аталмыш челенджді Шәкәрім атындағы Семей университеті студенттеріне жолдайды.