Өскеменде орын тепкен Шығыс Қазақстан техникалық университеті түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 96 пайызға жетіп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ҚЕАҚ басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллинаның 2021 жылы атқарылған жұмыс туралы есеп беру кездесуінде айтылды.
- Жоғары оқу орнының соңғы жылда жеткен жетістіктері аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік бағыттағы мамандықтарға баса мән беру керектігін айтты. Сол үшін бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертіп, өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіріп шығаруымыз керек, - деді Сәуле Рахметуллина.
Сол үшін университетте техникалық мамандықтарға грант саны 60 пайызға дейін арттырылған. Жергілікті атқарушы органдардан 450 грант бөлінді.
- Оқу бітіріп, қолына диплом алған студенттерді жұмыспен қамтуға ерекше ден қойылған. Қазір жұмыспен қамту көрсеткіші өсіп, 96%-ды құрап отыр. Біздің түлектер «ERG», «Volkswagen», «Simens», «Microsoft» сынды әлемдік ірі компанияларда жұмыс істейді.
Бұл көрсеткіштерге жету мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылды, - деді ректордың міндетін атқарушы.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ