Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті геология, тау-кен өндіру ісі бойынша бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды дайындауда.
Қазақстанның жер қойнауы байлық пен қазынаға толы. Ғалымдардың пікірінше, XXI ғасыр – геологияның эволюциялық дамуы қарқын алатын уақыт. Осы орайда, таяуда Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен пресс-тур барысында геология және тау-кен ісінің мамандары өз жұмыстарының барысымен таныстырды.
Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Марина Мизернаяның айтуынша, кен өндіру бұрыннан келе жатқан кәсіп.
- Шамамен 200 жылдар бойы игеріліп келеді десек қателеспейміз. Пайдалы қазбаларды өндеген сайын жаңа кен орындарын ашу қажеттілігі туындай береді. Жердің беткі қабығын зерттеу жұмысы шамадан асып отыр. Қазақстандағы «Казцинк», «Казахмыс» секілді алып компаниялардың кен орындары өз мүмкіншіліктерінің шегінде тұр. Бұл дегеніміз – жаңа технологияларды пайдаланудың уақыты келді деген сөз. Өзіміз және бізге көмектесетін зертхана меңгерушілерінің көмегімен жаңа әдістерді қолданып жатырмыз. Атап айтқанда, жерді қашықтықтан зерттеу жұмысы. Геофизикалық барлау арқылы пайдалы қазбалардың қандай тереңдікте жатқандығын анықтаймыз, - дейді ол.
Геофизикалық барлаудың да екі әдісі бар екен. Олар сейсмикалық және электрлік әдіс.
Шығыс Қазақстан алтын, титан және басқа да түрлі-түсті металдарға бай өлке. Бұл туралы инженер зерттеуші Айдар Сәдібеков толығырақ айтып өтті.
- Біз жердің беткейінен сынамалар жинап, растрлық электронды микроскоп арқылы зерттеу жүргіземіз. Басқа оптикалық микроскоптардан айырмашылығы – бірнеше мыңға жуық үлкейтілген кескін аламыз. Сол арқылы біз бөлшектің құрамын және құрылымын анықтаймыз, - дейді ол.
Зерттеушіден «Сынамалар алу үшін қандай жерді пайдаланасыздар? Жердің белгілі бір критерийлері болуы керек пе?» деп сұрап көрдік.
- Өзімізді қызықтыратын жерлерді қарастыра береміз. Белгілі бір критерийлердің болуы шарт емес. Сынама алғаннан кейін зертханаға апарамыз. Анализ жүргізу кезінде дайындық керек екендігін ұмытпау қажет. Себебі әрбір жұмыс сақтақты қажет етеді, - деп түсіндірді Айдар Сәдібеков.
Валентина СЕЙІТҚАНОВА