ШҚТУ-да «Лу Бань атындағы шеберхана» ашылады

1157
көрілім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Орталық Азия-Қытай" саммиті аясында Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында мемлекеттік деңгейде ШҚО әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының халық үкіметі арасында "Лу Бань шеберханасын" құру туралы келісімге қол қойылды, сондай-ақ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Тяньцзинь кәсіби институты да аталмыш шеберхананы құру туралы өзара келісімшартқа қол қойды.

Жоба Қазақстан мен ҚХР арасындағы қолданбалы технологиялар және жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ «Бір белдеу-бір жол» бастамасын қолдауды көздейді.

Қазақстан арқылы 5 темір және 6 автомобиль жолы және жалпы 11 халықаралық дәліз өтсе, бұл Шығыс пен Батыс арасындағы ең ірі транзиттік байланыс болып табылады. Автокөлік нарығындағы барлық көлік түрлеріне, соның ішінде гибридті және электромобильдерге қызмет көрсете алатын мамандар қажет. Сондықтан, «Лу Бань атындағы шеберхана» жүргізетін «Автокөліктік құралдар» оқу бағдарламаларының тобы еліміздегі кадрлық сұранысты толықтырады.

Жоба Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында автомобиль көлігі саласындағы заманауи оқу зертханасын құруды; заманауи Қытай технологияларын пайдалана отырып, автомобиль көлігі саласындағы мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларын жетілдіру мүмкіндігін; Қытайдың жоғары және кәсіптік оқу орындарымен академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуді (қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бірлескен ғылыми жобалар және т.б.) көздейді.