Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде мұғалімдер мен студенттерді вакцинациялау жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Бұл жайлы университеттің оқу жылына дайындығы сөз етілген баспасөз брифингі барысында ШҚТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов мәлім етті.
- Қазіргі уақытта профессорлық оқытушылық құрам мен қызметкерлердің 98 пайызы вакцина алған. Студенттер арасында да екпе салдырғандар саны артып келеді. Осы ретте, еңбек ұжымы мен студенттерге түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ COVID-19 инфекциясына жылдам дайын болатын тесттер сатып алынған. Жаңа оқу жылында университетке "Аshyq" жүйесі арқылы кіру талабы енгізілді, - дейді ол.
Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, екпе алған студенттердің оқу ақысына 5% жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ екпе салдырғандар арасында ақшалай ұтыс ойындары бірнеше рет өткізілді.
- Білім ордасына кіреберісте термографиялық бақылау қойылған. Кестеге сәйкес барлық ғимараттарда дезинфекциялау шаралары жүргізілуде. Қатаң маскалық режим сақталып, медицина қызметкерлерінің кезекшілігі де ұйымдастырылған. Антисептиктер мен бактерицидтік шамдар орнатылды. Қорыта айтқанда, университет жаңа оқу жылына толықтай дайын, - дейді ректор.