Нидерланд елінде өтіп жатқан шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогының кезеңінде жерлесіміз Зейнеп Құмарқан командаластарымен бірлесе күміс медаль алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Херенвен қаласында бәсекенің қызған шағы. Еліміздің жас шорт-трекшілері бұл жарыста намысты қолдан бермеді. Сенсациялық нәтижеге қол жеткізіп, 3000 метрлік командалық эстафетада екінші орын алды. Тіпті, отандық спортшылар Нидерланд, Канада сияқты әлемнің ең мықты құрама командаларын басып озды.
Қазақстан атынан Анастасия Астраханцева, Алина Ажгалиева, Гүлдана Жалмұхан, Полина Омельчук пен Зейнеп Құмарқан қатысты.
Зейнеп Құмарқан С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Дене шынықтыру және спорт мамандығының 1-курс студенті екенін атап өтейік. Облыс орталығындағы мұз модульдерінің бірінде жаттығады.
– Бұл жетістік мені көбірек жаттығуға және халықаралық сындардағы көрсеткіштерімді жақсартуға ынталандырады, – дейді Зейнеп Құмарқан.
Нәтижесінде, Оңтүстік Кореядан келген спортшылар чемпион атанды. Олардың көрсеткіші 4:17.683. Одан кейін 4:19.480. көрсеткішімен Қазақстан орнықса, Нидерланд 4:33.236. уақытымен үштікті түйіндеді.
Фотосурет ШҚУ баспасөз қызметінен