ШҚУ-да Т. Әшімбаевтың 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел және кітаптың тұсаукесері өтті

1458
көрілім

 С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да кеңестік, қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткерінің 100 жылдығына арналған «Тұтқабай Әшімбаев: Естеліктер» атты республикалық дөңгелек үстел және кітап көрмесі өтті. 

Дөңгелек үстел жұмысына өз өмірін ел мүддесі үшін қызмет етуге арнаған Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, құрметті ректорлар, еңбек ардагерлері қатысты. Онлайн режимінде дөңгелек үстелге Шығыс Қазақстан облысының кітапханашылары, оқытушылары мен студенттері қосылды. 
Дөңгелек үстелге қатысқан құрметті қонақтар арасында құттықтау сөз сөйлеген ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, "Тұран" университетінің ректоры Р.А. Алшанов, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті Е.Ә. Мәмбетқазиев, биология ғылымдарының докторы, профессор, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Ж.К. Шаймарданов, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі А.М. Ғазалиев, экономика ғылымдарының докторы, С. Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры, Тұтқабай Әшімбаевтың жиені У.С. Әлімбетов болды.
– Дөңгелек үстелге қатысушылардың жоғары деңгейі талқылаудың жоғары кәсіби және нәтижелі болатынын көрсетеді. Осы дөңгелек үстелді өткізу орны ретінде біздің ЖОО-ның таңдалғаны бізді қуантады. Біздің ЖОО-да, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде кездесулер, семинарлар ұйымдастыру, көрнекті ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің атаулы мамандандырылған кабинеттерін ашу дәстүрге айналған. Соңғы екі жылда ШҚМУ-дың тұңғыш ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Е.Ә. Мәмбетқазиев атындағы кабинет, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Т.Ә. Әшімбаев атындағы кабинет және басқа да көптеген кабинеттер ашылды, – деп атап өтті университет ректоры М.Ә. Төлеген. – Әшімбаев Тұтқабай Әшімбайұлының тұлғасы  – өз отаны мен халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Біз оның еңбегіне, талантына, ақыл-ойы мен адалдығына лайықты құрмет көрсету үшін жиналып отырмыз. 
– Құрметті қатысушылар! Тұткабай Әшімбаевты жақын танитын, онымен тығыз қарым-қатынас жасаған адаммен сөз сөйлеп, кездесуді жалғастыруды маңызды деп санаймыз. Әшімбаевтар отбасының мүшесі болған және "Тұтқабай Әшімбаев: Естеліктер" кітабының шығуына тікелей атсалысқан адам – бұл Рахман Алшанұлы Алшанов, – деді жүргізуші Никита Дерябин. 
Сөз сөйлегендер арасында Е.Ә. Мамбетказиев, Ж.К. Шаймарданов, А.М. Ғазалиев, У.С. Әлімбетов те болды. 
Дөңгелек үстел барысында Рахман Алшанұлы Алшанов кітапты салтанатты түрде таныстырды. Тұтқабай Әшімбаев туралы "Тұтқабай Әшімбаев: Естеліктер" атты жинақтың авторы – тарихшы, заңгер, публицист Ғани Ментайұлы Қарин.  Кітапта Т. Әшімбаевтың туған-туысқандары, жолдастары мен әр жылдардағы әріптестері туралы естеліктер, сондай-ақ отбасылық фотосуреттер жинақталған. 
"Бүкіл ел халқының есінде сақталған тұлғалар бар... осындай адамдардың бірі – Тұтқабай Әшімбаев", – деп жазады алғы сөзінде автор.
2021 жылдың 1 наурызында Тұтқабай Әшімбайұлы Әшімбаевтың туғанына 100 жыл толды. Оның өмірі жарқын және күреске толы болды: ауыр балалық шақ, соғыс, соғыстан кейінгі қиын жылдар. Ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысынан өтіп, майдангер ретінде «Қызыл Жұлдыз» жауынгерлік орденімен марапатталды. 
Соғыстан кейін Текелі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы ОК құрылыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚазКСР ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрінің орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазкәсіподағының төрағасы, ҚазКСР ХШЖК директоры қызметтерін атқарды. 
 Бірақ оның өмірінің ең маңызды кезеңі – бұл 7 жыл (1973-1980 ж.ж.), ол жаңадан құрылған Маңғышлақ (Маңғыстау) облысының, көпсалалы экономикасы бар және республикада ірі мұнай өндіретін өңір болған облыстың бірінші басшысы болды. 1975 жылы оның басшылығымен облыс 21 млн тонна мұнай өндірді, 1260 мұнай және газ ұңғымасы салынды, өндірілетін мұнай көлемі бойынша Маңғышлақ бұрынғы КСР одағында алтыншы орында болды. 
Жергілікті әуежай базасында авиакәсіпорын құрылды, автожолдар құрылысы басталды және 319 шақырым жол салынды, Маңғышлақ энергия зауыты Маңғышлақ энергия комбинаты болып қайта құрылды, пластмасса зауыты жұмыс істей бастады, онда 1979 жылы алғашқы кристалдық полистирол алынды, Ақтау құс фабрикасы, жаңа сүт зауыты іске қосылды. Каспий теңізінде 40 мың тоннаға дейін балық ауланып, сатылды, ұсақ және ірі қара мал басы өсті, 4 жаңа кеңшар құрылды, 750 мың гектар алқап суландырылды, су құбырлары мен бөгеттер салынды.
1973-1978 жылдар аралығында шамамен бір миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 18100 орындық мектептер мен балабақшалар салынды, 7 музыка мектебі салынды.
Бұдан басқа, төрт балалар комбинаты, аурухана қалашығы пайдалануға берілді, "Орбита" телевизиялық станциясы салынды, 64 дүкен, 4000 орындық 50 асхана іске қосылды. Мәдениет мекемелері: тарихи-өлкетану мұражайы, облыстық филармония, қуыршақ театры, Мәдениет сарайы ашылды. Абай атындағы Мәдениет үйі, Қазақ политехникалық институтының жалпы техникалық факультеті ашылды, 1975 жылы туберкулезге қарсы диспансер іске қосылды. Бұл – біртуар тұлғаның өз өмірінде жасаған игі істерінің бір бөлігі ғана. Тұтқабай Әшімбайұлы Әшімбаев 1983 жылы 63 жасында өмірден озды. 
Дөңгелек үстел аясында қонақтар үшін С. Аманжолов атындағы ШҚУ бойынша экскурсия ұйымдастырылды.